«Мен сіздер сияқты тарихшы емеспін»: Тоқаев Алтын Орданы зерттеп жүргендерге жаңа тапсырма берді

Автор: Бақыт Шынар

Ол Алтын Орда дәуірін тек әскери тұрғыдан ғана бағалаудан аулақ болып, оның сол кездегі ықпалын жаңаша зерттеуді тапсырды

Фото: Ақорда

Бүгін Астанада өтіп жатқан «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиумда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орда дәуірінің өркениет дамуына өте зор үлес қосқанын айта келе, тарихшыларға бұл дәуірді жаңаша қырынан зерттеуді тапсырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жалпы, бүгінгі симпозиумда Тоқаев Алтын Орданың экономикалық және интеллектуалды байлығына ерекше тоқталды. Енді бұнымен тоқтап қалмай, тарихшылар Алтын Орданың тарихын басқа да қырынан зерттеу керек деді. Мемлекет басшысынің пікірінше,  Алтын Орданың тарихын тек әскери-саяси тұрғыдан бағалаудан аулақ болып, оның рөлін жаңаша пайымдау керек.

«Әрине, мен ұсынған зерттеу бағыттарымен шектеліп қалуға болмайды. Мен сіздер секілді көне дәуірді зерттеп жүрген тарихшы-ғалым емеспін. Қазір Алтын Орданың тарихын тек әскери-саяси тұрғыдан бағалаудан аулақ болып, оның рөлін жаңаша пайымдау керек. Бұл – осы бағыттағы ізденістердің аясын кеңейтуге септігін тигізетін бағдар ғана. Жошы Ұлысының мол зияткерлік және рухани дәстүрі, тиімді басқару институттары мен дамыған экономикасы болды. Осы алып өркениеттің қыр-сырын толық ашу маңызды», - дейді ол.

Президент атағандай, бұл өткенді ғылыми тұрғыдан қайта зерделеу, сондай-ақ, Орталық Еуразия халықтарының мемлекеттілік бастауын, бірегейлігін және ортақ тарихын терең түсіну үшін қажет.