2021 жылдан бастап «Әліппе» қайта оқытылады – Аймағамбетов

Автор: Azattyq Rýhy

Бірінші сынып оқушылары оқу жылының алғашқы екі тоқсанында «Әліппе» бағдарламасын оқыса, қалған екі тоқсанында «Ана тілі» пәнін оқиды

2021 жылғы оқу жылында бірінші сынып оқушылары «Сауат ашу» пәнінің орнына «Әліппе» мен «Ана тілі» пәндерін оқиды. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов хабарлады.

«Жақында Мемлекеттік жалпыға міндетті стандартқа өзгерістер енгізіліп, Әділет министрлігінде тіркеуден өтті. Бірінші сынып оқушылары оқу жылының бастапқы екі тоқсанында «Әліппе» бағдарламасын оқыса, қалған екі тоқсанында «Ана тілі» пәнін оқиды. Сәйкесінше, орыс тілінде немесе басқа тілдерде білім алатын сыныптарда «Букварь» мен «Обучение грамоте» пәндері жүргізіледі», - деп жазды министр Facebook-парақшасында.

Министрдің айтуынша, «Әліппе» оқулығы Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде дайындалмақ. Оқулықтарды әзірлеу бойынша арнайы топ жұмыс жүргізіп, бағдарлама әзірлеп жатыр.

«Оның құрамында мықты тіл мамандары, әдіскерлер, бастауыш сынып мұғалімдері мен бұған дейін оқытылған «Әліппе» оқулықтарының авторлары бар. Орынбасарым Шолпан Каринова осы жұмыс тобының алғашқы отырысын өткізіп те үлгерді. Бағдарламалар мен оқулықтар дайын болғаннан кейін оларды мектептерде пилоттық сынақтан өткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Кейін басқа мектептерге жіберілетін болады. Бұл мәселе менің жіті бақылауымда», - деп жазды министр.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан