«Мұңымыз да, сырымыз да бір болды»: Астанадағы қарттар үйінде елуге тарта жұп отбасын құрған (ВИДЕО)

Автор: Асқарова Қарлығаш

Бүгінгі таңда аталмыш мекемеде бір-бірін тауып, отбасын құрған 50-ге тарта жұп бар екен

Фото: скрин

Зейнеткер Марат Жәшкеев пен Рәзия Нұрмұханова бүгінде қарттар үйінде тұрады. Өмірдің түрлі сынағынан өткен екеуі осы жерде танысып, кейін бір-біріне серік болуға шешім қабылдаған. Бұл туралы олар «Қазір айтайық» бағдарламасына қонақ болып келген кезде баяндады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Рәзия апаның айтуынша, қарттар үйіне келу туралы шешімді өзі қабылдаған. Бұған отбасындағы ауыр қайғы себеп болған.

«Қыздарым қайтқаннан кейін қатты күйзеліске түстім. Ініме «мен қарттар үйіне барайын, сендерге масыл болмайын» дедім. Ол жақта маған жеңілірек болатын сияқты көрінді. Сосын осында келдім», - дейді ол.

Айтуынша, алғашында ол қазіргі жұбайы Маратпен жай ғана әңгімелесіп жүрген.

«Алғаш рет көргенім есімде. Ортақ залдағы диванда қатар отырып жүрдік. Тек екеуміз емес, адамдар көп қой. Бір уақытта бір-бірімізді жақын тарта бастадық. Кейін үнемі сөйлесіп, бір-бірімізді шайға шақырып жүрдік. Ол бір кісімен тұрды, мен бір әйелмен тұрдым. Осылай бес ай араластық», –дейді Рәзия апа.

Ал Марат аға алғашқы қадамды өзі жасағанын жасырмайды.

«Иә, мен бірінші сөйлестім. Кейін үнемі араласып кеттік. Бір-бірімізді сыйлаймыз», –дейді ол.

Рәзия апа өміріндегі ең ауыр соққы қыздарынан айырылу болғанын айтады.

«Мен өмірде мүгедек болған адам емеспін. Үш операция жасаттым, бірақ оған сынбадым. Ал қыздарым қайтқаннан кейін қатты күйзелдім. Екеуі сіңілім, біреуі өз қызым. Мені оны тәрбиеледім, оқыттым, тұрмысқа бердім. Пандемия кезінде ауырып, қайтыс болды. Содан кейін осындай жағдайға түстім», — дейді кейуана.

Соған қарамастан, бүгінде Рәзия апа өмірге деген құлшынысын жоғалтпаған. Қасында өзін түсінетін серігінің болуы оған қайта күш бергендей.

Қарттар үйі қызметкерлерінің айтуынша, мұнда осындай тағдырлас жұптар аз емес. Қазір Астана қаласындағы аталмыш мекемеде бір-бірін тауып, отбасын құрған 50-ге тарта жұп бар екен.