Халықтан көмек сұрған отбасына ай сайын 300 мың теңгедей кіріс кіреді
Атырау облысы Қызылқоға ауданы Тайсойған ауылының тұрғыны Түлкібаев Бердімұрат Амангелдіұлы отбасымен үйінің алдында түскен фотосын Facebook желісінде жариялап, көпшіліктен көмек сұрағаннан кейін, танымал болып кетті. Бүгінде Түлкібаевтар отбасының жеке шотына 1 миллион 835 мың теңгеден аса қаражат жиналған.
Карантин басталғалы елімізде әлеуметтік желі арқылы көпшіліктен көмек сұрайтын отбасылар саны көбейіп кетті. Олардың арасында табысы бар отбасылар да жоқ емес. Осыған орай, Azattyq Rýhy тілшісі Түлкібаевтар отбасымен және округ әкімдігімен хабарласып, олардың көмекке қаншалықты мұқтаж екенін анықтап көрді.
Тайсойған округінің әкімі Қуанышев Мәлік Сәлімгерейұлының мәліметінше, Түлкібаевтар отбасының бір айдағы ортақ табысы 279 959 теңгені құрайды.
Түлкібаев Бердімұрат ауылдағы орта мектепте электрик болып жұмыс істейді. Ай сайынғы ресми жалақысы – 55 290 мың теңге.
Бердімұраттың анасы – 69 584 теңге зейнетақы алса, әкесі 71 941 теңге зейнетақы алады. Бердімұраттың жары Лаура Есенаманқызы Үкіметтен 83 144 теңге әлеуметтік көмек алады.
«Құлайын деп тұрған үйде бес балам, жұбайым және зейнеткер ата-анаммен бірге тұрамын. Үйіміз қыста суық, жазда жаңбыр жауғанда үйіміздің шатырынан су кетіп, отырғызбайды. Ата-анамның зейнетақысы, өзімнің айлығым мен балаларыма берілетін ақша үйімізді жөндеуге жетпейді, отбасымызбен 6 бірдей несие жабамыз», - деді Бердімұрат.
Azattyq Rýhy тілшісіне Бердімұрат несие құжаттарын жіберді. Құжат бойынша отбасының жалпы несиелік қарызы 993 100 теңгені құрады. Қалған несиелерді туыстарының атынан алғандықтан, құжаттарын көрсете алмайтынын айтты.
«Сол себепті, қазақстандықтардан көмек қолын созуды сұрадым. Бүгінгі таңда келіншегімнің жеке шотына 1 млн 834 мың 535 теңге 82 тиын жиналды. Енді ол шотты жауып жатырмын. Ары қарай өзіміз еңбектеніп, үйімізге жөндеу жұмысын жасаймыз. Көмек қолын созған барша қазақстандықтарға, ауылдастарыма, құрдастарыма Алла разы болсын», - деді ол.
Бердімұрат пен жары Лаура 1994 жылғы, екеуі де жоғары білім алмаған. Арнайы мамандықтары жоқ. 18 жасында отбасын құрған, бүгінде 5 баласы бар. Тұңғыш ұлдары 7 жаста.
Округ әкімінің айтуынша, Бердімұраттың әкесі – ауыл имамы. Сондай-ақ, көпбалалы әке бұған дейін жұмыс істемей, ішкілікке жақын болған.
Соңғы жарты жылда жұмысқа тұрып, өзін қолға алған Бердімұрат халықтан жинаған ақшамен үйіне жөндеу жұмыстарын жүргіземін дейді.
Айжан Қалиева, Алматы