Елімізде 150 мыңға жуық мейірбике бар
Жыл сайын 12 мамырда әлемде Халықаралық мейірбике күні тойланады. Бұл – ақ халатты абзал жандардың адам өмірін сақтаудағы ерен еңбегіне деген құрмет. Әсіресе ауылдық жерде еңбек ететін мейірбикелердің жұмысы ауыр әрі жауапкершілігі жоғары. Олар кейде дәрігердің де, психологтың да, науқастың ең жақын жанашырының да рөлін қатар атқарады, деп жазады Azattyq Rýhy.
Қазіргі таңда мейірбикелер денсаулық сақтау саласындағы ең көп санды мамандар тобы. Себебі дәрігерлік тәжірибеде медициналық қызметтердің басым бөлігін тікелей мейірбикелер атқарады. Сонымен қатар коронавирус пен өзге де жұқпалы аурулармен күресте мейірбикелер өз тәжірибесі мен кәсібилігін, ең жақсы адами қасиеттері мен табандылығын жұмсап, алдыңғы шепте еңбек етіп келеді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да халық денсаулығы көбіне білікті медицина қызметкерлерінің болуына байланысты екенін атап өтеді.
Мейірбикелердің кәсіби мерекесі әйгілі ағылшын әйелі Флоренс Найтингейл дүниеге келген күні өтеді. Ол Қырым соғысы (1853–1856) кезінде әлемдегі алғашқы мейірімділік мейірбикелері қызметін ұйымдастырған. Бұл мерекенің тарихы 150 жылдан асқанымен, оны жыл сайын 12 мамырда ресми түрде атап өту туралы шешім тек 1974 жылдың қаңтарында қабылданды.
Бүгінде мемлекет ауыл медицинасын дамытуға ерекше назар аударып отыр. Жедел жәрдем қызметін күшейту, медицинаны цифрландыру, шалғай ауылдарға маман тарту бағытында түрлі бастамалар қолға алынған. Дегенмен ауылдағы медицина саласының негізгі тірегі – сол жерде күн-түн демей еңбек етіп жүрген мейірбикелер.
Ақмола облысы Бұланды аудандық ауруханасының мейірбикесі Күлбаршын Хасенова медицина саласында 30 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Ол бұл мамандыққа бірден келмегенін айтады. Алғашында зауытта жұмыс істеп, кейін медицина жолын таңдаған.
1990-1992 жылдары Астанадағы медициналық училищеде білім алған маман кейін Макинск қаласындағы аурухананың жан сақтау бөліміне жұмысқа орналасады. Содан бері осы салада үздіксіз еңбек етіп келеді.
Күлбаршын Хасенованың айтуынша, медицинада оңай жұмыс болмайды. Әсіресе алғашқы жылдары қиындық көп кездескен.
«Қиын кезеңдер де болды. Ұйқысыз түндер өтті. Қаншама ота жасалды. Кейде жылайтынбыз, кейде күлетінбіз. Бірақ, бәрін еңсердік. Бізден үлкен мамандардан үйреніп, тәжірибе жинадық», – дейді ол.
Ол үшін отбасының қолдауы ерекше маңызды. Жолдасы оның күн-түн демей жұмыс істеуіне түсіністікпен қарайды. Өйткені медицина қызметкері тек өз отбасының ғана емес, тұтас халықтың денсаулығына жауапты екенін жақсы түсінеді.
Бүгінде тәжірибелі мейірбике бір ұл, екі қыз тәрбиелеп отырған ана. Оның айтуынша, үйдегі тыныштық пен қолдау маманның жұмысына да тікелей әсер етеді.
Ал Ақмола облысы Біржан сал ауданына қарасты Мақпал ауылында еңбек ететін Әлия Ғаббасқызы да өмірін медицина саласына арнаған жанның бірі.
Ол көпбалалы отбасында дүниеге келген. Анасы ұзақ жыл сауыншы болып еңбек етсе, әкесі ауылда түрлі басшылық қызметтер атқарған. Кейін әкесінің денсаулығы сыр бергенде, кішкентай Әлия дәрігер болып, оны емдегісі келген.
«Әкем жүрек және өкпе ауруларымен ауырды. Сол кезде оны емдеп жазғым келетін. Міне, осы арман мені медицинаға жетектеп әкелді», – дейді ол.
1989 жылы Көкшетаудағы медициналық училищені тәмамдаған соң ол еңбек жолын Степняк қаласындағы балалар бөлімшесінде бастайды. Кейін түрлі ауылдарда қызмет атқарып, 1995 жылдан бері Мақпал ауылында мейірбике болып жұмыс істейді.
36 жылдық тәжірибесі бар маман 2018 жылы жоғары санатты мейірбике дәрежесін қорғап шыққан.
Әлия Ғаббасқызы мейірбике жұмысының басты мақсаты – адам денсаулығын қорғау екенін айтады. Оның пікірінше, бұл мамандық тек ем-дом жасаумен шектелмейді. Адамға қолдау көрсету, психологиялық демеу беру де маңызды.
«Әр адамға жеке тұлға ретінде қарау керек. Мейірбике ісінің философиясы – адам өмірін, құқығы мен абыройын құрметтеу», – дейді ол.
Ауылдағы медицина қызметкерлерінің жұмысы белгілі бір уақытпен шектелмейді. Кейде түн ішінде шақырту түседі, кейде демалыс күндері де жұмысқа баруға тура келеді.
Әлия Ғаббасқызы мұндай сәттерде отбасының көмегі ерекше сезілетінін айтады.
«Шақырту түссе, жолдасым «тез бар» деп асықтырып отырады. Ұлым көлікті дайындап береді. Отбасым әрдайым қолдау көрсетеді», – дейді мейірбике.
Айта кетейік, бүгінде мейірбикелердің міндеті бұрынғыдан әлдеқайда кеңейді. Олар диагностика жасауға, науқастарды бақылауға, алғашқы көмек көрсетуге, алдын алу жұмыстарын жүргізуге белсенді қатысады. Қазір елімізде 145 мыңнан астам медбике жұмыс істейді.