Қазақстанда несие пайызына шектеу қойылады: енді банктер мен микроқаржы ұйымдары қатаң талапқа бағынады

Автор: Асқарова Қарлығаш

Жаңа өзгерістер алдағы 3 ай көлемінде толықтай қолданысқа енеді 

Фото: istockphoto.com

Елімізде несие мен микроқаржы несиелерінің шекті жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) қайта бекіді. Тиісті қаулыны Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк бірлесіп қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жаңа өзгерістер 2026 жылдың 16 мамырынан бастап күшіне енеді. Кейбір нормалар 1 шілдеден бастап қолданылады.

Айта кетсек, енді банктер мен микроқаржы ұйымдары несие берген кезде белгілі бір пайыздық шектен аса алмайды. Яғни:

  •  кепілсіз банктік несиелер жылына – 46% дейін;
  •  кепілмен берілетін несиелер –  35%-ға дейін;
  • ипотекалық тұрғын үй несиелері – 25%-ға дейін;
  • микроқаржы несиелері – 46%-ға дейін.

Ал ең даулы қарыз берушілердің бірі саналатын микроқаржы ұйымдарына арналған бөлек талап енгізілді. Енді шағын несие 45 күнге дейін берілсе, сыйақы мөлшерлемесі күніне 0,3%-дан аспауы тиіс. Яғни жылдық есеппен шамамен 179%-ға дейін барады.

Одан бөлек енді банк немесе микроқаржы ұйымы шартқа  біршама уақыттан кейін қосымша комиссия енгізсе, не пайыздық мөлшерлемені өзгертсе –  жалпы ЖТСМ белгіленген шектен аспауы керек.

Аталған жаңа шектеулер халықты шамадан тыс қарыз жүктемесінен қорғауға бағытталған, деп отыр тиісті органдар.

Алайда сарапшылар мәселе тек пайызда емес екенін қадап айтты.

«Елдегі қаржылық сауаттылық деңгейі  әлі де төмен , оның үстіне көп отбасы әлі де несие арқылы күнделікті шығынын жабуға мұқтаж. Сондықтан жаңа шектеулер қарыз алуды толық тоқтатпаса да, ең болмағанда қаржы ұйымдарының шектен тыс пайыз қоюына тосқауыл қоюы мүмкін», - дейді мамандар.