Қазақстанда 16 жасқа толмаған балалар әлеуметтік желіде жеке парақша аша алмауы мүмкін

Автор: Бақыт Шынар

Президенттің кеңесшісі Meta өкілдерімен кездесті

Фото: istockphoto.com

Қазақстан президентінің әдеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі Алексей Цой Meta компаниясының өкілдерімен кездесіп, біздің ел үшін күн тәртібіндегі маңызды мәселелерді талқылаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Дәлірек айтсақ, Алексей Цой онлайн-платформалар мен бұқаралық ақпарат құралдары туралы заң жобасының негізгі ережелерін талқылаған. Ол өз жазбасында мына екі мәселені ерекше атап өткен:

  • Қазақстанда 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіге тіркелуін шектеу:
  • онлайн-платформаларды тіркеу бойынша міндеттемелерді белгілеу және олардың жауапкершілігін күшейту.

«Meta тарапынан кездесуге  Орталық Азия, Моңғолия, Шри-Ланка және Мальдив аралдары бойынша Public Policy бағытының жетекшісі мен өңірлік жария саясат менеджері қатысты», - деп жазған Цой.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова балалардың әлеуметтік желіге тіркелуін шектеу мәселесі әлі де өзекті екенін айтқан болатын.