Көмекшілер мен тағылымдамадан өтушілерге қойылатын талаптар қатаңдайды
Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы аясында жеке сот орындаушыларының қызметіне қойылатын талаптар күшейіп, бақылау тетіктері кеңейеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Жаңа нормаларға сәйкес, жеке сот орындаушылары заңнама мен Кәсіптік ар-намыс кодексін білу деңгейі бойынша аттестаттаудан өтеді. Қайта аттестаттаудан өтпеу лицензиядан айыруға негіз болады.
Сондай-ақ көмекшілер мен тағылымдамадан өтушілерге қойылатын талаптар қатаңдап отыр. Атап айтқанда, соңғы үш жылда сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін жауапқа тартылған адамдар бұл қызметпен айналыса алмайды.
Бұдан бөлек, әділет органдарының бақылау өкілеттіктері кеңейеді. Енді олар бұзушылықтарды жою туралы ұсыныстар енгізіп, талаптар орындалмаған жағдайда лицензияның қолданылуын тоқтата тұра алады.
Заң жобасында сондай-ақ уәкілетті органдардың сұрау салуы бойынша жеке сот орындаушыларының шоттарындағы қаражат қозғалысы туралы мәліметтерді ұсыну міндеті көзделген.
Жалпы өзгерістер атқарушылық жүйедегі ашықтықты арттырып, жауапкершілікті күшейтуге бағытталған.