Жөндеу жұмыстары аяқталған екі көпқабатты тұрғын үйге тұрғындар қоныстанды
Түркістан облысы Кентау қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 60 пәтерлі екі тұрғын үй пайдалануға берілді. Қала әкімінің орынбасары Бекайдар Алимбетов кезек бойынша пәтерге қол жеткізген тұрғындарды жаңа баспанамен құттықтап, кілт табыстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Кеншілер қаласында өткен жылы 5 қабатты 60 пәтерлі бес бірдей тұрғын үйдің құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілген. Оның үшеуі сол кезеңде тапсырылған болатын. Ал бүгін жөндеу жұмыстары аяқталған екі көпқабатты тұрғын үйге тұрғындар қоныстанды.
Қалада сондай-ақ, сәуір айынан бастап Ш.Уәлиханов көшесі бойынан көпқабатты 60 пәтерлі 10 үйдің құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. 600 тұрғынға тиесілі баспананың жалпы аумағы – 33 470 шаршы метр. Бүгінгі таңда бұл нысандардың басым көпшілігінде қабырғаларын әрлеу, қабатаралық жабынды жабу жұмыстары жүріп жатыр.
Айта кетейік, Кентау қаласы облыс орталығы саналатын Түркістан шаһарына жақын орналасқан. Қазіргі таңда Түркістанға қоныстанған мемлекеттік қызметшілер мен бірқатар мекемелердің қызметкерлері осы Кентау қаласына қоныстанып жатыр. Сондай-ақ, бұрынғы Түркістан ауданына қарасты ауыл әкімдіктері де бұдан былай Кентау қаласының қарамағына өтіп, халық саны өсіп отыр.