Бұл туралы министрліктің сайтында жазылған
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі Қарулы күштердің әскери қызметшілеріне ақшалай үлес, жәрдемақылар және өзге де төлемдерді төлеу қағидаларына өзгерістер енгізгенін жазған едік. 21 сәуір күні күшіне енген бұйрыққа сай, Қарулы күштер енді мерейтойлы жасқа толған әскери қызметшілерге де арнайы сыйақы беруі мүмкін, деп жазады Azattyq Rýhy.
«Әскери қызметшілерді ерекше маңызды әрі күрделі тапсырмаларды орындағаны, жоғары нәтижелерге қол жеткізгені және қызметтік міндеттерін үлгілі атқарғаны үшін ынталандыруымыз мүмкін. Сыйақылар мемлекеттік және кәсіби мерекелерге, сол секілді мерейтойлық күндерге орай берілуі мүмкін. Мерейтойлық жасқа 40 жас және одан кейінгі әрбір бес жыл кіреді», - деп жазылған Қорғаныс министрлігінің ресми сайтында.
Бұдан басқа, әскерилер жұмыстан кетер кезде «істер мен лауазымды қабылдау күні» және «істер мен лауазымды тапсыру күні» деген жаңа ұғымға сай төлем алады. Бұл күндер командирдің бұйрығымен бекітіліп, ақшалай үлесті есептеу кезінде қолданылады.
«Жекелеген төлемдерді есептеу тәртібі де нақтыланды. Мәселен, әскери қызметтен теріс себептермен босатылған жағдайда сауықтыруға арналған жәрдемақы енді айдағы нақты күнтізбелік күндер санына пропорционалды түрде есептеледі», - деп хабарлайды Қорғаныс министрлігі.
Бұған дейін біз әскери қызметшілердің әлеуметтік төлемдері көбейгенін жазған едік.