Қазақстанның жоғары оқу орындарындағы 700-ге жуық білім беру бағдарламасы жабылады – Саясат Нұрбек

Автор: Бақыт Шынар

Оның айтуынша, бұның себебі – заман көшінен қалмау

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Қазақстанның жоғары оқу орындарындағы студенттерді оқытып жүрген 700-ге жуық оқу бағдарламасын жабуға тура келіп отыр. Бұл туралы бүгін Мәжілістегі үкіметтік сағатта Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, оқу бағдарламаларын жаңартуға қатысты қазір атқарылып жатқан жұмыс бір-екі жылда нәтижесін береді.

«Неге десеңіз, барлық кәсіпорындар сол платформаға тіркелген, еңбек күші жөніндегі статистиканы толтырып, сол жүйеде жұмыс істеуге үйреніп қалған. Біз қосымша бірнеше сұрақ енгізіп, осы наурыз айының соңында жұмысты аяқтадық. Ақпаратты шамамен бір ай жинадық. Бұл – қазіргі таңда бүкіл экономиканың сұранысын айқындайтын өзекті тетік. Әрбір өнеркәсіп бізге қосымша мәліметтер ұсынды: зейнет жасына жақындап қалған қызметкерлер саны, жаңадан келіп жатқан кадрлар саны, алдағы бір-екі, үш жыл ішінде қанша адам зейнетке шығатыны немесе өз еркімен жұмыстан кететіні туралы деректер», - дейді Саясат Нұрбек.

Министрдің айтуынша, министрлік 273 сала бойынша барлық компанияларды бір жерге жинап, арнайы сауалнама жүргізген. Соның негізінде қазір 8,5 мың оқу бағдарламасы зерттеліп жатыр. Бұл жұмыс бір-екі апта ішінде аяқталады.

«Сол жұмыстың нәтижесінде шамамен 700-ге жуық оқу бағдарламасын жабуға тура келеді. Яғни, мұны радикалды қадам деуге болады – біз іргелі, ауқымды аудит жүргізіп жатырмыз. Әрине, бұл салаға ауыр тиеді. Журналистерге де сұхбат берсе, кейбір ректорларымыз, оқытушылар мен профессорлар: «мен 25, 30, тіпті 40 жыл оқытып келе жатқан бағдарламамды қалай жабасыздар?» деп шағым айтуы мүмкін. Бірақ шын мәнінде олардың мазмұны ескірген», - деп түсіндірді Саясат Нұрбек.