Олардың ата-анасы әкімшілік жауапқа тартылады
10 маусымынан 30 тамызына дейін төтенше жағдай департаменті және жергілікті полиция қызметімен бірлесе отырып, күнделікті қала жағажайларында шомылу маусымында қауіпсіздік шаралары туралы жадынамалар тарату және ескерту жұмыстарын жүргізу кестесі құрылды, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Қалалық білім беру бөлімінің мәлімдеуінше, осы уақыт аралығында 216 барлау шаралары кезінде 1600 жадынама таратылды. 36 жасөспірімнің ересектердің бақылауынсыз жағажайда жүргені анықталды. Кәмелетке толмаған жасөспірімдердің ата-анасы әкімшілік жауапқа тартылады.
«Құрметті ата-аналар, өздеріңіздің және балаларыңыздың қауіпсіздігі үшін тек рұқсат етілген, жабдықталған жағажайларда қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтай отырып шомылған жөн. Егер талап етілген ережелер сақталмаса немесе тәртіп бұзылған жағдайда заңға сәйкес шаралар қолданылады», - дейді білім беру бөлімінің маманы Балжан Әділханова.
Білім беру мекемелерінің сайттарында судағы қауіпсіздік шаралары туралы жадынамалар мен бейнероликтер орналастырылған. Биылғы жылдың 5 шілдесінен карантин шараларына байланысты қалалық, қоғамдық жағажайлар жабық.