Ол «TikTok» желісіндегі жеке парақшасында тікелей эфир өткізген
Жамбыл облысы Сарысу аудандық соты әлеуметтік желіде өзгеге жала жапқан әйелді соттап, оған 544 мың теңге айыппұл салды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Соттың баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, оқиға биыл қаңтар айында болған. «TikTok» әлеуметтік желісінде тікелей эфирге шығып, бір әйелді қаралаған. Күйеуі көрші әйелмен көңіл жарастырып жүр деп күдіктенген ол тікелей эфирінде күйеуі мен көрші әйелдің суретін жариялаған.
«Тікелей эфирінде ол көршісі мен күйеуін балағаттап, суреттерін ашық жариялаған. Көршісі оның үстінен арыз жазған соң, сот істі қарап, әйелді кінәлі деп тапты. Көрші әйел сотқа жазған арызында әйелге тиісті жаза тағайындауды сұраған. Сотқа келген әйел өзінің заңды некеде тұратынын және 6 кәмелетке толмаған баласы бар екенін айтқан. Құқық бұзушының әрекеті оның ар-намысы мен қадір-қасиетіне, күйеуімен қарым-қатынасына нұқсан келтіріп, сонымен қатар оған және оның балаларына моральдық зиян келтіргенін айтқан», - деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.
Анықталғандай, көршісін қалаған әйелдің де алты баласы бар болып шыққан. Сондықтан, сот бұны жеңілдететін мән-жай деп танып, әйелге айыппұл салды.
«Сот алты баланың анасы екенін ескере келе оның айыппұлын 30 пайызға азайтқан. Осылайша, сот қаулысына сай, ол енді 544 мың теңге айыппұл төлейді», - деп хабарлайды сот.