Жұлдыз Азанова ауыр күйзелісте жүр
Бұған дейін хабарлағынымыздай, соқыр ішегі ішінен жарылғаннан кейін үш ай бойы ауырған Исмаил Азанов есімді бала 13 сәуір күні көз жұмған болатын. Оның анасы Жұлдыз Азанова денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың атына өткір үндеу арнап, талабын жария етті, деп жазады Azattyq Rýhy.
«Денсаулық сақтау министрі, осы үндеуім жеке сізге арналады. Білетін шығарсыз, мен Исмаил Азановтың анасы Жұлдыз Азановамын. Баламның тірі кезінде Сізге де, Бас прокуратураға да үндеу арнаған едім. Ал, бүгін жеке Сізге арнаймын. Неге Сіздің қол астыңыздағы дәрігерлердің кесірінен мен жалғыз баламнан айырылуым керек? Неге Қазақстандағы мемлекеттік ауруханаларға білімді мамандарды емес, білімсіздерді жинап алғансыздар? Неге? Менің баламның орнында сіздердің балаларыңыз болса, не істер едіңіздер? Денсаулық сақтау министрі, Сіз қайда қарап отырсыз? Тексеру жүргізу үшін міндетті түрде бала өлу керек пе? Неге оның алдын алмайсыздар? Неге көзбояушылық жасап, бала өлгеннен кейін тексересіздер? Менің ендігі талабым – Ақтау қаласына, менің алдыма келіп тұрып жауап беріңіз!», - дейді қан жылаған ана.
Жұлдыз Азанова жалғыз баласының өлімі ол үшін жүрегін жұлып алғанмен тең ауыр қаза болған.
«Менің баламды тірілтіп бере аласыздар ма? Менің баламды маған қайтара аласыздар ма? Өмірімнің мәні сол балам еді. Балам кеткелі үйімде қуаныш жоқ, күлкі жоқ. Баламды сағындым, маған балам керек. Кеудемдегі жүрегімді жұлып алдыңдар», - дейді көз жасын тыя алмаған ол.
Естеріңізге сала кетейік, осыдан тура үш ай бұрын, 17 қаңтар күні Маңғыстау облысы Ақтау қаласының тұрғыны Жұлдыз Азанова 14 жастағы ұлына жедел жәрдем шақырған. Өйткені, ұлы іші ауырып, шыдатпай бара жатқанын айтқан. Алғашқы қараған дәрігер соқыр ішек болуы мүмкін деген күдікпен баланы анализ тапсыруға жібереді. Бірақ, анализдері дайын болған соң, соқыр ішек емес деп үйге қайтарған. Өкінішке қарай, бала тура үш айдан кейін, 13 сәуір күні Алматыда көз жұмған.