Бүгін Ақордада келіссөз өтті
Бүгін Ақордада Қазақстан мен Моңғолия президенттері БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақорда таратқандай, екі президент жан-жақты мәселелерді талқылап, әр салаға жеке-жеке тоқталған. Екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты талқылаған кезде Қазақстан президенті бірнеше мәселеге кеңінен тоқталды.
«Былтыр Астанада өткен «Silk Way Star» халықаралық вокалдық конкурсында Моңғолияның Мишель атты әншісі бірінші орын алып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Мұндай жобалар халықтарымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани байланысын бекемдейтіні сөзсіз. Сондай-ақ елдеріміздің білім-ғылым саласындағы ынтымақтастығын нығайтуға мол мүмкіндік бар», – деді Қазақстан арезиденті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан жыл сайын моңғол азаматтарына білім гранттарын бөліп келе жатқанына назар аударды.
«Біз грант санын көбейтіп, Моңғолияға қажетті мамандар дайындау ісіне атсалысуға әзірміз. Биыл Моңғолияда «Study in Kazakhstan» білім жәрмеңкесін өткізу жоспарлануда. Сонымен қатар біз Ұлан-Батыр қаласында Қазақстанның іргелі университетінің филиалын ашуды ұсындық. Бұған қоса, екі елдің қалалары арасындағы бауырластық қарым-қатынасты одан әрі дамытуға келістік. Бұл шаралар елдеріміздің достығын бекемдеуге, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланысты күшейтуге жол ашады. Осы жұмысты жалғастыра беру маңызды деп санаймын», – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолия Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары өте нәтижелі өтіп жатқанын айтты.
«Қазақстан мен Моңғолияның аймақтық және жаһандық деңгейдегі көптеген өзекті мәселе бойынша ұстанымдары – ұқсас. Ертең өтетін Экологиялық саммит – соның айқын көрінісі. Біз Моңғолиямен ынтымақтастықты дамытуға айрықша көңіл бөлеміз. Халықаралық ұйымдар аясында біз бір-бірімізге үнемі қолдау көрсетіп келеміз. Бұл елдеріміздің стратегиялық серіктестігі және өзара сенімінің нақты көрінісі екені анық. Мен мұны жоғары бағалаймын», – деді Қазақстан президенті.