Енді компания бұл қателікті клиенттің мойнына іліп, келісімшартты бірінші болып бұзуын талап етіп отыр
Қазақстан тұрғын үй бағдарламаларында тағы бір дау туды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ірі құрылыс компаниялараның бірі - BI Group компаниясының Big Tandau бағдарламасына қатысқан азаматша келісім жасалғаннан кейін 10 күн өткен соң күтпеген жерден «пәтерді ала алмайтын болдыңыз» деген жауап алған.
Қызығы, бастапқыда пәтерді сатып-алу бойынша барлық рәсімдер толық орындалған: өтінім мақұлданып, құжаттарға қол қойылып, тіпті, клиент керек жарнаны да төлеп қойған. Компания оны ресми түрде құттықтап, сыйлық берген. Алайда арада 10 күн өткенде жағдай күрт өзгерген.
«Маған жай ғана қоңырау шалып, «сізге пәтерді сата алмайтын болық, жүйеде қате кеткен» деді. Бұны қалай түсінуге болады? Егер бәрі рәсімделіп, келісім жасалып қойған болса, қандай қате туралы айтып отыр?» - дейді клиент.
Компания өкілдері бұл жағдайды «бұл бірінші рет болып тұрған жағдай, бұрын-соңды бұндай болмаған» деп түсіндірген. Бірақ тұтынушы мұндай мәлімдемеге күмәнмен қарайды.
«Маған бұл жалғыз жағдай деді. Бірақ шынымды айтсам, оған сену қиын. Себебі процесс толық аяқталған еді», — дейді ол.
Клиенттің сөзінше, мәселені бейбіт жолмен шешуге тырысқан. Альтернативті ұсыныстар бар ма, келісімді қайта қарау мүмкін бе деген сұрақтар қойған. Алайда жауап қысқа болған.
«Мен жай ғана шешім іздедім. «Қандай да бір балама бар ма?» деп сұрадым. Жауаптары «жоқ» деген сөз болды, – дейді ол.
Ең көп алаңдатқаны олардың пәтерді беруден бас тартуы емес, компанияның клиентке деген қарым-қатынасы болған.
«Қайта хабарласамыз дейді – хабарласпайды. Тексереміз дейді – жоғалып кетеді. Мен өзімді клиент ретінде алданғандай әрі еленбегендей сезініп отырмын», — дейді азаматша.
Оның айтуынша, қазір келісім жасалғаннан бері 20 күн өткен. Компания келісімді бұзуды ұсынып отыр, алайда бастаманың клиенттің өзінен шығуын талап етеді.
«Олар келісімді бұзайық дейді, бірақ өтінішті мен жазуым керек екен. Ал жағдай менің кінәмнен болған жоқ қой. Бұл – компанияның «жүйелік қатесі» емес пе?» — дейді ол.
Материал кейіпкері бұл мәселені жария ету арқылы басқа да осындай жағдайға тап болған азаматтардың бар-жоғын білгісі келетінін айтады.
«Мен жанжал іздеп отырған жоқпын. Маған тек түсінікті, ашық шешім керек. Егер мұндай жағдай басқаларда да болса – бұл жеке оқиға емес, жүйелік мәселе болуы мүмкін», - дейді ол.
BI Group компаниясы әзірге бұл жағдайға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ. Компания тарапына редакциядан ресми сауал жолданды.