Атырау облысында киіктер жаппай қырылып жатыр
Қазірге таңда 800-ден астам киік өлексесі жиналған
Құрманғазы ауданындағы дала көрінісі қазір өлексеге толы алқапты елестетеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жергілікті «Ақ Жайық» басылымы жазғандай, кей өңірлерде киік өлекселері әр қадам сайын кездеседі. Ауыл шаруашылығымен айналысатын тұрғындар жағдайдың салдарына алаңдаулы. Олардың айтуынша, егер өлекселер дер кезінде жиналып, жойылмаса, бұл індеттің таралуына себеп болуы мүмкін.
«Далада жүру мүмкін емес – барлық жерде өлекселер жатыр. Егер оларды өртемесе не көмбесе, түрлі аурулар шығуы ықтимал. Бұл малға әсер ете ме деп қорқамыз», – дейді жергілікті шаруалар.
Қазіргі таңда 800-ден астам киік өлексесі жиналған. Оларды жою жұмыстарына «Охотзоопром» мекемесінің мамандары, Ақжайық қорығының қызметкерлері, аумақтық инспекция және жергілікті атқарушы органдар тартылған. Өлекселер өртеу және көму арқылы залалсыздандырылып жатыр.
Ал Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы киіктердің өліміне кенелер себеп болды деген болжамды жоққа шығарды. Мамандардың айтуынша, бұл – табиғи өлімнен болып жатқан құбылыс.
«Киіктер кенеден қырылып жатқан жоқ. Бұл – табиғи құбылыс. Қыстан әлсіреп шыққан болуы мүмкін. Жалпы киіктің өмір сүру ұзақтығы 7–8 жыл шамасында», – деді бас маман Мереке Шалхаров.
Бұған дейін Батыс Қазақстан облысының Казталов ауданында Сарыөзен өзені маңынан 1600-ден астам киік өлексесі табылған еді. Мамандар ол жағдай бойынша да бірнеше ықтимал себепті атаған. Сарапшылар жаппай қырылу оқиғалары экожүйеге әсер етуі мүмкін екенін айтып, мониторинг пен жедел әрекетті күшейту.