Almaty Half Marathon: дүбірлі додаға 44 елден келген 10 мың адам қатысты

Автор: Дәулет Ботагөз

Биылғы марафон экологиялық бастамаларымен ерекшеленді

Фото: Алматы әкімдігі

Алматыда дәстүрлі тоғызыншы Almaty Half Marathon өз мәресіне жетті. Биылғы дода ауқымды экологиялық бастамаларымен ерекшеленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Биылғы жартылай марафон Қазақстанның спорттық туризм орталығы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Дүбірлі додаға әлемнің 44 елінен 10 мыңнан астам адам қатысты.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, биыл Ресей, Қырғызстан және Өзбекстаннан ең көп қатысушы келді. Сонымен қатар, Қытай, АҚШ, Ұлыбритания, Украина және Еуропа мен Азияның басқа да мемлекеттерінен спортшылар бақ сынады. «Бірінші болу — батылдық » корпоративтік қоры атап өткендей, марафонның ауқымы жыл сайын кеңеюде. 

Спорттық іс-шара жалпыұлттық «Таза Қазақстан» науқанымен ұштасты. Осы тұста жол бойында және мәре қалашығында қоқысты бөлек жинау пункттері жұмыс істеді. Ал жиналған шикізат EcoNetwork серіктесінің қолдауымен өңдеуге жіберілді.

Сондай-ақ, шара аясында «Жылу» қайырымдылық бастамасы өтті. Қатысушылар өздерімен бірге жылы киімдер әкеліп, олар кейін мұқтаж жандарға таратылды.

Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен шарада жайлылыққа басымдық берілді. Мәре аумағында ана мен бала бөлмесі, жеке және инклюзивті санитарлық орындар жабдықталған еді.