Рудныйда алаяқтан телефон арқылы «тапсырма» алған әйел қымбат көлігін 3 млн теңгеге сатып жібермек болған

Автор: Асқарова Қарлығаш

Рудный қаласының тұрғыны алаяқтардың айтқанымен көлігін арзанға сатып жібере жаздаған

Фото: istockphoto.com

Әйел Қостанайдағы автосалондардың біріне келіп Chevrolet Nexia маркалы көлігін шұғыл сататынын айтқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» арнасына сілтеме жасай отырып. 

Дегенмен көлік иесінің сұрап тұрған бағасы автосалон қызметкерлерінің күмәнін туғызады. Себебі  нарықта шамамен 5 миллион теңге тұратын көлікті ол 3 миллионға беруге дайын болған. Әйел «маған ақша керек» деп қысқа қайырған.  

Салон қызметкерлерінің айтуынша, көлік иесі үнемі біреумен  телефонмен сөйлесіп, оның нұсқауын орындап отырған.  Сырттай шешімді өзі қабылдап тұрғандай көрінгенімен, іс жүзінде басқа біреулердің ықпалында болғаны байқалған.

Автосалон қызметкерлері жағдайды шұғыл полицияға хабарлайды. Тексеру барысында әйелдің алаяқтардың психологиялық қысымына түскені анықталған. Онымен сөйлесіп, мән-жайды түсіндіргеннен кейін ғана ол не болып жатқанын түсініп, көлікті сату ойынан бас тартқан.

«Бұл алаяқтық жасау әрекеті болды. Дегенмен әйелге ешқандай зиян келген жоқ, ол ешкімге шағым түсірмейтінін де айтты. Қазір сол қоңырау шалған нөмірлер тексеріліп жатыр. Нөмірдің кімге тиесілі екені, қай жерде тіркелгені  де анықталуда», — деді Қостанай облысы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы басқарма басшысының орынбасары Олжас Мағыпаров.