«Magnum»-ның құр уәдесіне әбден тойдық»: Алматы тұрғындары ірі саудасы желісіне қатысты Дархан Сатыбалдыға шағым айтты (ВИДЕО)

Автор: Бақыт Шынар

Ірі супермаркет дүкеннің айналасын абаттандырмай, халықты құр уәдеге тойдырып келеді

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Алматы тұрғындары қаладағы Magnum дүкендерінің бірі ғимараттың айналасын тоздырып, абаттандырмай отыр деген пікірде.  Бұл мәселе үш жылдан бері айтылып келе жатса да, ірі супермаркет халыққа тек уәде беріп қана келеді екен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 

Threads әлеуметтік желісіндегі видеодан байқағанымыздай, көп қабатты тұрғын үйдің жанындағы супермаркеттің айналасы шаң-тозаң. Халық бірнеше жылдан бері дүкеннің айналасына ағаш егіп, абаттандыру керек деген талап қойып келеді. Дүкен иесі де бұған келіскенімен, әрекет етпей, құр уәдеге тойдырып жүрген сияқты. Шарасы таусылған тұрғын осы видеосы арқылы Дархан Сатыбалдыға үндеу жасаған.

«Құрметті Дархан Амангелдіұлы! Үш жылдан бері біз Magnum әкімшілігіне айналаны абаттандырта алмай келеміз. «Таза Қазақстан» акциясы аясында үйді басқаратын компания мен тұрғындар Magnum-ды бірлікке шақырып, тұрғындармен бірге дүкеннің айналасына ағаш егейік дедік. Бірақ, Magnum өкілдері бұл өтінішті елемей, үш жылдан бері құр уәдеге тойдырып келеді», - дейді видео түсірген әйел.

Бұл мәселені шешу үшін халық жергілікті әкімдік өкілдерін де шақырырған екен.

«Алайда, ғимараттың нақ иесі де, ол ғимаратты жалдап отырған Magnum желісі де айналаны әдемілегісі келмейді. Сондықтан, осы мәселені шешіп беріңіз», - дейді әкімге шағымданған тұрғын.

Осы жазбаға пікір жазған Magnum өкілдері «мәселені қарауға алғанын және бірнеше күн ішінде бір жауабын беретінін» жазған.