«Бұл жүктi өмір бойы арқалап өтемін»: Шавкат Рахмоновтың экс-жұбайы жол апаты, үкім және ажырасу туралы ойын айтты

Автор: Асқарова Қарлығаш

Ол қоғамда тараған «ажырасу жазаны жеңілдету үшін жасалды» деген пікірді жоққа шығарды

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

UFC-де Қазақстанның атын әлемге танытып жүрген Шавкат Рахмоновтың бұрынғы жары Гүлайым Рахмонова өзіне қатысты жол апаты, сот үкімі және ажырасу төңірегіндегі әңгімелерге жауап берді, деп жазады Azattyq Rýhy.

Гүлайым Рахмонова журналист Руслан Өтепбайтың YouTube-арнасына көлемді сұхбат берген.

Жол апаты Гүлайым Рахмонова Көкшетаудан келе жатқанда, Ақсүйек елді мекені маңында, Алматыдан шамамен 300 шақырым жерде болған. Ол кезде көлікте Гүлайымның жанында туған әпкесі, құрбысы және ұлы  отырған. Гүлайым Рахмонова Көкшетау қаласынан балабақша ашқысы келген. Сол мақсатта ол туған әпкесі мен жақын құрбысын ертіп, ғимарат қарауға барған. Яғни, болашақта үшеуі серіктес ретінде осы бизнеске аяқ баспақ болған. Кері қайтар жолда, діттеген жерге шамамен үш сағат қалғанда жол апатына түскен.

Апат салдарынан екі адам көз жұмды. Бірі – Гүлайымның туған әпкесі, екіншісі – бірге жұмыс істемек болған жақын танысы.

«Оқиға орнында қызымның тәрбиесіші болған құрбым қайтыс болды. Ал мен есімді жиып, көзімді ашқанда, жанымда ұлым жылап жатты. Ұлымның денесін  ұстап көрдім. Барлық жері сау болды. Кейін ақырын бұрылып қараған кезімде, менен шамамен сегіз, он метрдей жерде туған әпкем жатты. Ана жатқан қыз тірі ме деп айтқан кезде, қасымдағы адам «сен балаңа, өзіңе қар» деді. Әпкемнің қайтыс болғанын Шу қаласындағы ауруханаға барғанда ғана білдім», — дейді ол.

Жол апаты салдарынан Гүлайымның өзі бас-ми жарақатын алған, арқасы сырылып, екі қабырғасы сынған. Ал ұлы басы мен аяғынан жарақат алып, дәрігерлер тігіс салған. Алайда ол жағдайына қарамастан, ауруханада ұзақ жата алмай, емін үйде жалғастыру үшін шығып кеткенін айтады.

 «Өмір бойы осы оқиғаны арқалап кетемін. Жазасын арғы өмірде көреміз», — дейді ол.

 Айта кетейік, сот Гүлайым Рахмонованы жол апатына кінәлі деп танып, 5 жылға соттаған. Сондай-ақ ол 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды. Дегенмен, балалары әлі кәмелет жасына толмағандықтан, жазасы кейінге шегерілген.

Үкім жарияланғаннан кейін Шавкат Рахмонов оған хабарласпаған. Алайда Гүлайым күйеуінен қоңырау күтпегенін де ашық айтты.

«Біз ажырасып кеттік. Мен оны тек балаларымның әкесі ретінде қабылдаймын. Жол апатына түскен менмін, оның еш кінәсі жоқ», — дейді ол.