«Менің қайғымды түсінген жалғыз адам – Айболат»: Ақтөбеде полицей қарт анаға 30 бұрын жоғалтқан балаларын тауып берген (ВИДЕО)

Автор: Бақыт Шынар

Айболат Бекнияз шытырман оқиғалы фильмнің басты кейіпкерлеріне тән мінез танытқан

Фото: polisia.kz

Ақтөбе облысы Қарғалы ауданының Қосестек ауылында қызмет ететін учаскелік полицей Айболат Бекнияз халыққа нағыз жанашыр полицей екенін дәлелдеген. Оның Людмила Скрипник есімді қарт анаға жасаған жақсылығы кез келген драмаға сценарий болуға тұрарлық, деп жазады Azattyq Rýhy 

Кім екенін білмейтін қария

Жасы жетпістен асқан Людмила Скрипник Ақтөбе облысы Қарғалы ауданының Қосестек ауылына көшіп келген. Денсаулығы нашар, жанында бір жақыны жоқ оған ауыл халқы аса мән бермеген тәрізді. Қамкөңіл ананың қиын тағдырына алаңдаған жалғыз адам – сол ауылдың учаскелік полиция қызметкері болған екен.

«72 жастағы Людмила Скрипниктің ешбір жақыны, өзімен бірге ешбір құжаттары болмаған. Қария құжаттарын қашан және қалай жоғалтып алғанын да білмейді. Учаскелік полиция инспекторы Айболат Бекнияз қарт әйелдің құжаттарын рәсімдеуге көмектесу үшін жан-жаққа сұраулар жібере бастаған. Алғашында ешбір нәтижелер бермегенімен, кейін мұрағаттан 30 жылдан астам уақыт бұрынғы құжатты тапқан», - деп жазады полиция.

Сөйтсе, Людмила Скрипниктің бір ұл, екі қызы бар болып шыққан. Қуаныштан төбесі көкке жеткен учаскелік полицей олардың телефондарын тауып, қоңырау шалған.  

«Телефон тұтқасын көтерген әйел адамнан «Людмила Скрипникті танисыз ба» деп сұрағанымда ол қатты толқып кетті. Сөйтсем, телефонды көтерген қарияның қызы екен. Анасы олардан ұзақ жыл бұрын көз жазып қалыпты. Қарияның 3 баласы да аман-сау, өз отбасыларымен Павлодар қаласында тұрып жатыр екен. Көп жылдан бері аналарын іздеп, таба алмаған. Қызы анасымен дереу сөйлестіруді өтінді», - дейді Айболат Бекнияз. 

Қатты қуанған полицей қарияның үйіне барып, сырқат кейуананы жүрек тебірентерлік хабарға алдын ала дайындап, бейнебайланыс арқылы балаларымен сөйлестірген. Перзенттері полицейден құжатсыз анасын қастарына әкелуге көмектесуді сұраған.  Балаларына жүрегі алып ұшса да, алыс жолға денсаулығының жарамайтынына алаңдаған учаскелік полиция инспекторы Айболат Бекнияз ауыл дәрігерімен бірге қарияны бір айдай емдеген. Сәуір айында полицей денсаулығы реттелген Людмила Скрипникті таксиге отырғызып, Павлодарға қарай жөнелткен. Бүгінде балаларымен бір дастархан басында қауышып, немерелер ортасында мәре-сәре болған қария Айболатқа алғысын жаудыруда. 

«Менің қайғыма бейжай қарамай, көмек қолын созған жалғыз адам – Айболат болды. Жанымда бірге бірге болып, балаларымды тауып берген Айболатқа алғысым шексіз. Осындай мейірімді жандар көбейе берсе екен», - дейді қария.

Балалары да анасымен қауыштырған, кең жүректі учаскелік инспекторға қайта-қайта қоңырау шалып, қонақ болуға шақырып жатыр.

Анықталғандай, осыдан отыз жыл бұрын Людмила Скрипниктің басына ауыр іс түсіп, балаларынан ажыраған. Үш баласы алыс туыстарының үйінде тәрбиеленген. Кейін сырқаттанған анасы басқа елде өмір сүріп,  перзенттерін есіне түсіре алмағандықтан, іздеп таба алмаған. 

«Жалғызбасты қарияның отбасы табылғанына өзім де қатты қуандым. Тағдыр талқысына түсіп, талай қиындық көрсе де сынбаған,  бүгінде аяқтарына нық тұрып, бір-бір отбасы болып отырған қайсар, мейірімді балаларын көріп қатты риза болдым», — дейді Қосестек ауылының учаскелік инспекторы Айболат Мұратұлы.