Қараөткел ауылы тұрғындары көшеде жүргенін иттерден қауіптененін айтады
Астана қаласының маңында орналасқан Қараөткел ауылы тұрғындарының айтуынша, көшедегі қаңғыбас иттер, тіпті иесі бар төртаяқтылар көшені оңай кезіп, бала түгілі үлкен адамның үрейін ұшырып жүр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Көшедегі иттердің машақатын көріп жүргендердің бірі – Лаура Бердібекова. Кішкентай балаларымен декретте отырған ана. Оның сөзінше, ауыл көшелерінде бос иттер топ-тобымен жүреді.
«Шынымды айтсам, біздің көшеде мұндай иттер өте көп. Көбіне топтасып жүреді. Көрген-білген адамдар кейбірінің иесі бар екенін де айтады. Өзім үшін де, балаларым үшін де қорқатын болдым. Тіпті далада тыныш серуендей алмай қалдық», – дейді ол.
Лаураның айтуынша, бұл мәселені ол әлеуметтік желіде де көтеруге мәжбүр болған. Өзінің түсірген фото-видеоларын арнайы топтарға жібергенін айтады.
«Себебі бұл жай ғана жағдай емес, бұл – балалардың қауіпсіздігіне қатысты мәселе», – дейді тұрғын нақты оқиғаны да есіне ала отырып.
«Кеше кешкісін сағат 18:00 шамасында баламмен аулада жүрген едік. Мына видео-фотодағы алабай тұқымдас ит жүгіріп келіп, балам отырған арбаға секірді. Қатты үріп, бізді шошытып жіберді», – дейді тұрғын.
Оның айтуынша, бұл жағдай ана мен балаға қатты әсер еткен. Бала қорқып қалған.
«Мұндай жағдайдан кейін балаларды сыртқа шығарудың өзі қорқынышты болып кетті», — дейді ол.
Ауыл тұрғынының сөзінше, мұндай оқиғалар ауылда бірінші рет болып тұрған жоқ. Бұған дейін де иттердің адамдарға шауып, қорқытқан жағдайлары тіркелген.
Бұл мәселеге қатысты ауылдың басқа тұрғындары да шағымдарын жиі айтады. Солардың бірі– Индира Төлеген. Көпбалалы ананың айтуынша, ол тұратын ауданда жағдай тіптен күрделі. Өйткені үйлері ауыл шетіне жақын орналасқан.
«Біз тұратын жерде иттер өте көп. Иесі бар да, иесіз иттер де көшеде қаңғып жүреді. Көбіне үш-төрттен топтасып алады. Бүгін ғана бірінші сынып оқитын ұлым мектептен келді – үсті-басы батпақ. Мектеп автобусынан түсіп, үйге келгенше бір ит үстіне секірген. Абырой болғанда, тістеген жоқ. Бірақ бала қатты қорқып келді», – дейді ол.
Тұрғынның сөзінше, мұндай жағдайлар жиі қайталанады.
«Көшелердің бәрінде осындай қаңғыбас иттер жүреді. Осы мәселені шешіп берсе екен», –дейді Индира.
Қараөткел ауылының тұрғындары қаңғыбас иттерден бұрын иесі бар, бірақ қараусыз қалған иттерден қажығанын айтады. Аш, қолға үйренбеген, бақылаусыз жүрген иттер ауыл көшелерін еркін кезіп, адамдардың қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіріп отыр.
Ата-аналар балаларын мектепке жіберген сайын алаңдап, күні бойы уайыммен отырамыз дейді. Тіпті кейбірі перзентін білім ордаларына қауіпсіз жеткізу үшін жұмысқа шыға алмай отырғандарын да жасырмады.
Бұл ауыл тұрғындардың талабы нақты: иесіз иттерді ауылдан толықтай алып кету керек, ал иесі бар жануарлар үшін қатаң жауапкершілік енуі тиіс. Әйтпесе, бүгінгі қорқыныш ертең нақты қауіпке айналуы әбден мүмкін екені үрей туғызады дейді олар.
Ал осы мәселе бойынша Қараөткел ауылына қарасты учаскелік полиция инспекторлары қаңғыбас иттерді аулау полицияның тікелей құзыретіне кірмейтінін айтады. Олармен ветеринарлық қызмет айналысатын көрінеді. Дегенмен құқық қорғау органдары шабуыл жасаған иттің иесі анықталған жағдайда оған әкімшілік шара қарастылатынын да атап өтті.