Бұл құрылғыны қазақ ғалымдары ойлап тапқан
Бүгін Ақордада қазақ ғалымдарымен кездесіп, оларды марапаттаған президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ ғалымдары ойлап тапқан соңғы жаңалықтар туралы айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Президент Қазақстан үшін қолданбалы ғылымды дамытудың қаншалықты маңызды екенін айта келе, ғалымдарды қолдау және олардың сол қолдау арқылы жетіп жатқан жетістіктеріне тоқталды.
«Еліміз үшін қолданбалы ғылымды дамыту – аса маңызды міндет. Осы бағыттағы жобалардың саны көбейді. Бұл – өте жақсы үрдіс. Әсіресе, университеттердің технологиялық даму орталығы ретінде қалыптасып жатқанын атап өту қажет. Мысалы, былтыр University Medical Center мекемесіне қарасты Жүрек орталығының дәрігерлері ALEM (Astana Life Ex-situ Machine) деп аталатын инновациялық медициналық құрылғы ойлап тапты. Мұны өткен жылдың ең айтулы ғылыми жаңалығы деп айтуға болады. Осы құрылғы донорлық ағзалардың өміршеңдігін 24 сағаттан астам уақыт сақтауға мүмкіндік береді. Мұндай бірегей жаңалықтар қазақ ғылымының әлеуеті, жалпы еліміздің даму деңгейі жоғары екенін көрсетеді», - деді Тоқаев Ақордада.
Президент әрине ғылым саласында шешілмеген түйткілдер де аз емес екенін тағы бір рет еске салды.
«Мен наурыз айында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде болғанымды білесіздер. Сол жерде ғалымдармен арнайы кездесіп, біраз мәселеге тоқталдым. Әсіресе, ғылымды қаржыландыру жұмысын ретке келтіріп, қатаң бақылауға алу қажеттігі туралы айттым. Басты мақсат қаржыны игеру емес, қоғамға пайдасы тиетін жобаларды жүзеге асыру болуға тиіс», - деді Тоқаев.