Қазақстанда жаңа ереже күшіне енді
Елімізде кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиялардың қызметіне қатысты жаңа ережелер күшіне енді. Қазір өңірлердегі комиссиялар жаңартылған тәртіп бойынша жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«2025 жылы елімізде 4,1 мыңға жуық отырыс өтті. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 3,7% артық. Қаралған істер саны 26,7% артқан, бұл деректер комиссиялардың қызметі жанданғанын көрсетеді. Сонымен қатар, өмірлік қиын жағдайдағы отбасыларға қатысты істердің үлесі 17,1% азайған. Бүгінде республика бойынша 274 комиссия жұмыс істейді. Бұл комиссиялар - өңірлік деңгейде бала құқықтарын қорғау саласында шешім қабылдайтын бірден-бір ведомствоаралық орган», - деп түсіндірді министрліктің баспасөз қызметі.
Жаңа ережелер мемлекеттік органдар мен ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге және балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау тиімділігін арттыруға бағытталған. Жаңа ережеге сай, балаларға қатысты іс материалдарды қарау тәртібі, шешім қабылдау мерзімдері өзгерген.
«Комиссияның отырыстарына кәмелетке толмағандар мен олардың заңды өкілдері қатысуға міндетті болды. Сондай-ақ балаларға және олардың ата-аналарына қатысты қолданылатын шаралар нақты регламенттелген. Сонымен қатар, өмірлік қиын жағдайдағы балаларды ерте кезеңде анықтау, оларды әлеуметтік оңалту және қолдау көрсету мәселелеріне ерекше назар аударылған. Бұл ретте бала құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органдар мен лауазымды тұлғалардың дербес жауапкершілігі күшейді», - деп хабарлайды министрлік.