Қазақстанда интернет-алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды

Автор: Асқарова Қарлығаш

Қаскөйлер енді халықты «айыппұл салынды» деп алдайтын болған

Фото: istockphoto.com

Алаяқтар азаматтардың мемлекеттік қызметтерге деген сенімін пайдаланып, олардың жеке деректеріне қол сұға бастаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Яғни олар адамдарға ресми байланыс орталығының нөміріне ұқсас телефоннан «айыппұл салынды» деген хабарлама жібереді.

Хабарламада айыппұлды тексеру немесе төлеу үшін сілтеме ұсынылады. Жалған сайт мемлекеттік порталдың дәлме-дәл көшірмесі болуы мүмкін. Өйткені алаяқтар интерфейсті әдейі eGov жүйесіне ұқсас етіп жасаған. Ең қауіптісі – сайтқа кез келген ЖСН немесе көлік нөмірін енгізсеңіз де, «айыппұл бар» деген жалған нәтиже шығады.

Сілтемеге өтіп, «төлеу» батырмасын басқан жағдайда сайт банк картасының толық деректерін сұрайды. Осы мәліметтер алаяқтардың қолына түскен сәтте, шотыңыздағы қаражат шешіліп кетуі мүмкін.

«Құйтырқы әрекеттің басты белгісі – қандай дерек енгізсеңіз де, жүйе «айыппұл бар» деп көрсете береді. Бұл қолданушыны асықтырып, дереу төлем жасауға итермелейтін айла», - дейді полиция қызметкерлері.

Мамандардың ескертуінше, мемлекеттік органдар SMS арқылы жеке немесе банктік деректерді сұрамайды. Айыппұлдарды тек ресми платформалар арқылы тексеру қажет.