Сот Павлодарда той үшін үлкен несие алып, оның 6,3 млн теңгесін төлей алмаған әйелдің кредитін кешірді

Автор: Бақыт Шынар

Яғни, сот оны банкрот деп таныды

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Павлодар облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы сотқа жүгінген сәтінде әртүрлі банктер алдында 6,3 млн теңге несиесі бар әйелді банкрот деп таныды. Ол бұл ақшаны отбасындағы той-томалақ үшін алған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Соттың баспасөз қызметі жіберген ақпаратқа с.йенсек, әйел адам әуел баста несиені уақытылы төлеп тұрған. несие 2019 жылы отбасылық іс-шара үшін алынған.

«Сотқа жүгінген кезде жалпы қарыз сомасы 6 344 644 теңгені құрады. Арыз берушінің тұрақты табыс көзі жоқ, Павлодар облысында тұрады, асырауында кәмелетке толмаған екі баласы бар», - деп хабарлайды сот.

Бірінші сатыдағы сот әйелді банкрот деп танудан бас тартқан. Бұл шешіммен келіспей, арыз беруші апелляциялық шағым түсіріп, арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұрады.

«Сот алқасы, арыз берушінің берешегі заңмен белгіленген шекті шектен, яғни, айлық есептік көрсеткіштің 1600 еселенген мөлшерінен асып кеткенін, бірнеше кредиторлардың алдында міндеттемелері бар екенін, берешектің өтелмегеніне 12 айдан астам уақыт өткенін, бұрын банкроттық рәсімі қолданылмағанын анықтады», - деп хабарлайды сот.

Әйелге несие берген тараптар болса оны банкрот деп тануға негіз жоқ екенін алға тартуға тырысқан. Сондай-ақ әйел әуел баста несиені әдейі алып, банкроттық туралы ойлаған деген дәлел ұсынбақ болған.

«Борышкердің теріс пиғылы туралы дәлел анықталған жоқ. Сондай-ақ сот жұмыс пен кірістің болмауы банкроттық рәсімді қолданудан бас тартуға негіз бола алмайтынын, өйткені мұндай шарттар қолданыстағы заңнамада қарастырылмағанын атап өтті. Сот арыз берушінің материалдық жағдайының нашарлауы объективті жағдайларға байланысты екенін және бұрын міндеттемелер тиісті түрде орындалғанын анықтады. Осылайша, сот алқысы әйелді банкрот деп таныды», деп хабарлайды Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметі.