AntiFraud Forum Kazakhstan: киберқауіпсіздік пен дербес деректерді қорғау күшейеді

Автор: Темірхан Айжан

Депутат Альберт Рау қоғамның цифрлық сауаттылығын арттыру қажет екенін айтты

Фото: Azattyq Rýhy

Елордада қаржы және цифрлық ортадағы алаяқтыққа қарсы іс-қимылға арналған AntiFraud Forum Kazakhstan форумы өтті. Іс-шараға бастамашы болған депутат Екатерина Смышляева «AMANAT» партиясы Әйелдер қанатының тең төрағасы әрі цифрлық комиссар ретінде «Қоғамдағы цифрлық теңдікті қамтамасыз етуге жәрдемдесу» бағыты аясында бұл тақырыптың өзектілігін атап өтті. Оның айтуынша, цифрлық қауіпсіздік пен дербес деректерді қорғау мәселелері бүгінгі таңда қоғамның барлық саласына тікелей әсер ететін маңызды бағытқа айналған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Форумда цифрлық қауіпсіздік, дербес деректерді қорғау, киберқылмысқа қарсы іс-қимыл және жасанды интеллектіні қолдану мәселелері жан-жақты талқыланды. Екатерина Смышляева өз сөзінде жедел-іздестіру әрекеттерінің құқықтық режимі мен дербес деректерді қорғау саласындағы азаматтық-құқықтық реттеу бір-біріне қайшы келмейтінін атап өтті.

«Жедел-іздестіру шараларының құқықтық тәртібі мен дербес деректерді қорғауға бағытталған азаматтық режим бір-біріне еш қайшы келмейді. Бұлар – екі бөлек құқықтық жүйе. Тергеу амалдарын жүргізетін құзырлы органдардың қолында барлық қажетті рұқсаттар бар, сондықтан бұл процестерге ешқандай заңнамалық кедергі жоқ»», – деді ол.

Оның айтуынша, дербес деректерді қорғауды конституциялық деңгейге шығару саланы күшейтеді және заңнамалық тетіктерді жетілдіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл жауапкершілік мәселесін де күшейтіп, әкімшілікпен қатар қылмыстық жауапкершілікті қарастыруға негіз болуы мүмкін.

Депутаттың пікірінше, қазіргі таңда дербес деректердің таралуы көбіне жеке қылмыс ретінде қаралмай, басқа құқық бұзушылықтармен бірге тіркеледі. Ал деректердің таралуы мен оның салдары арасындағы байланысты дәлелдеу әлі де күрделі мәселе болып отыр.

«Бұл мәселені шешуге Цифрлық кодекстің жаңа нормалары ықпал етеді деп ойлаймын. Шілде айында күшіне енетін өзгерістер деректердің материалдық құндылығын айқындап, нақты шығынды есептеуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде қылмыстық құрамды нақтылауға жол ашады», – деді ол.

Сонымен қатар спикер цифрлық криминалистика саласында бірыңғай жүйелі құқықтық база әлі толық қалыптаспағанын атап өтті. Қазіргі таңда жекелеген нормалар болғанымен, кешенді реттеу жеткіліксіз болып отыр.

«Қазір Ішкі істер министрлігі цифрлық қылмыстарды тергеуге қатысты заңнамалық өзгерістер пакетін дайындап жатыр. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда», – деді Смышляева.

Форумда жасанды интеллектінің цифрлық ортадағы рөлі де сөз болды. Оның айтуынша, жасанды интеллект тек құрал, ал негізгі жауапкершілік оны қолданатын адамның мойында болады.

«Шынын айтсақ, жасанды интеллект - өте күрделі әрі тиімді технология. Оны пайдалы мақсатта да, алаяқтық схемаларда да қолдануға болады. Бірақ ол тек құрал ғана, қылмыстың аты бәрібір қылмыс болып қала береді», - деді ол.

Смышляева қолданыстағы Қылмыстық кодекс нормалары ақпараттық технологиялар қатысатын қылмыстарды қамтитынын, сондықтан бөлек жаңа қылмыс құрамдарын енгізуге әзірге қажеттілік жоқ екенін атап өтті.

«Бүгінде Қылмыстық кодексте алаяқтыққа қатысты барлық негізгі баптар бар. Тек қылмыс жасау кезінде ақпараттық технологиялардың қолданылғаны ескеріледі. Қолданыстағы нормалар жеткілікті деп ойлаймын», – деді ол.

Сонымен қатар ол жасанды интеллектіні реттеуге қатысты жаңа нормалардың тәжірибеде қалай жұмыс істейтіні маңызды екенін айтты. Оның ішінде синтетикалық контентті таңбалау тетіктері де бар.

«Мұндай нормалар адал пайдаланушылар үшін қажет. Ал алаяқтар жалған контентті ешқашан таңбаламайды. Сондықтан ең бастысы – бұл тетіктердің қалай іске асатынын көру», - деді спикер.

«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, депутат Альберт Рау «Цифрлық қоғам» жобасына тоқталып, бұл бастаманың негізгі миссиясы - цифрлық ортадағы қауіптерге дер кезінде төтеп беру екенін еске салды.

«Партия бұл жобаны бастағанда, бұл белгілі бір деңгейде қауіпке жауап болды. Алайда барлық күш-жігерге қарамастан, алаяқтық мәселесі әлі де өзекті болып отыр», - деді депутат.

Оның айтуынша, соңғы жылдары кей өңірлерде кибералаяқтық фактілері айтарлықтай артқан. Мәселен, өткен жылы Шымкентте мұндай қылмыстар саны екі есеге өскен. Азаматтардың көпшілігі мұндай схемалар туралы алдын ала білсе де, соған қарамастан алданып қалып жатады.

«Біз ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, партияның барлық ресурстары жұмылдырылған, филиалдар іске қосылған. Соған қарамастан, адамдарды алдау әлі де жалғасуда. Заңнамалық бағытқа келсек, партия және Парламенттегі біздің фракция мұндай қылмыстармен күресті күшейтуге бағытталған қажетті өзгерістер мен нормалардың бастамашысы болып отыр. Алайда мәселенің ауқымы өте үлкен, сондықтан бүкіл қоғам болып атсалысуымыз керек.

Депутат мәселені тек заңмен ғана емес, қоғамның цифрлық сауаттылығын арттыру арқылы да шешу қажет екенін айтты.

Сондай-ақ ол форум қорытындысы бойынша құқық қорғау органдары мен кәсіби қауымдастық өкілдерін біріктіретін арнайы алаң құру бастамасын ұсынды. Форум қатысушылары цифрлық алаяқтықпен күрес кешенді тәсілді талап ететінін атап өтті. Сарапшылардың пікірінше, мемлекет, бизнес және қоғамның бірлескен іс-қимылы ғана бұл бағытта тиімді нәтиже бере алады.