Прокуратура қаулыға өзгеріс енгізді
Биыл Қазақстанда қызылша жұқтырған балалардың саны күрт көбейген соң бірнеше қаланың санитар дәрігерлері тиісті қаулы шығарып, вакцина алмаған балалардың ауруханаға жатуына тыйым салған болатын. Алматы қаласының прокуратурасы осы қаулыдан заңсыздық тапқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Биыл ақпан айында Алматы қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері балаларды жоспарлы емдеуге жатқызу бөлігінде шектеу шараларын енгізген. Дәлірек айтсақ, бас санитар дәрігер бұл қаулысында медициналық қарсы көрсетілімдері бар балалар да вакцина алмаса ауруханаға жата алмайды деп жазған. Ал, бұл денсаулығы вакцинаға жарамсыз балалардың құқығын бұзған», - деп хабарлайды Алматы прокуратурасы.
Осыған наразы болған прокуратура сотқа жүгініп, қаланың бас санитар дәрігері шығарған қаулыға өзгеріс енгізген.