Маусымдық аллергиясы бар науқастарға коронавирус қауіпті ме?

Автор: Azattyq Rýhy

Аллерголог-иммунологтың жауабы

Фото: ашық дерек көздерінен

Жаздың сәні – көк шөп. Бірақ көк шыққанда, гүлдегенде, тіпті шаң-тозаң көтерілгенде түшкіріп, дем жетпей қалатын жандар да бар. Маусымдық аллергиямен қалай күресуге болады? Осы сауалдарға аллерголог-дәрігер Арман Байділов скайп арқылы жауап берді, деп хабарлайды «Қазақстан» телеарнасы.

«Кез келген созылмалы ауруға шалдыққан науқастарға коронавирус басқа науқастарға қарағанда ауыр тиеді. Сондықтан осы пациенттердің категориясына міндетті түрде сақтық шараларын ұстану қажет. Өйткені, аллергияның кейбір түрлері, маусымдық аллергия астма ретінде өтуі мүмкін. Ол біріншіден, тыныс жолдарына әсер етеді. Егер тыныс жолдары қабынған болса, коронавирус түскен кезде вирустық процесс өте тез дамуы мүмкін», - деді аллерголог-иммунолог Арман Қанатұлы Байділов.

Сондай ақ, ол D витаминінің пайдасы мен күнделікті қабылдау нормасы қандай болатынына тоқталды.

«Дәрумендерге келетін болсақ, біздің иммунитетіміз үшін ең маңызды витаминдердің бірі – D витамині. Қазір жаз айлары басталғанымен, біздің еліміздің орналасқан географиялық жағдайына байланысты күн сәулелері керекті мөлшерде түспейді. Сондықтан D витамині тапшылығына шалдыққан науқастар бізде өте көп», - деді маман.

- D дәруменінің профилактикалық және емдік мөлшері болады. Алдымен пациент зертханада қан тапсырып, ағзасындғы D дәруменінің деңгейін анықтау қажет. Егер тапшылық болса, дәрігердің есептеуімен емдік мөлшерін қабылдайды. Егер қан тапсыруға мүмкіндік болмаса, профилактикалық дозада қабылдайды. Жаңадан туған балалар 6 айға дейін тәулігіне 1 тамшы, яғни 500 халықаралық бірлік (500ед); 6 айдан 12 айға дейін 2 тамшы-1000 бірлік; 1 жастан асқан балалар тәулігіне 3 тамшы-1500 бірлік жыл мезгіліне қарамастан қабылдау қажет.

- Үлкен адамдардың бойында D дәруменінің мөлшері кем дегенде 30 нг (нанограмм) болуы қажет, бірақ ол төмен деп есептеледі. Ең жақсы деңгей
60-70 нг құрайды.

Аллергияның симптомдары: тыныс алудың қиындауы, ринорея (мұрынның бітуі), түшкіру, тамақтың құрғауы немесе қышуы, көздің қызаруы, мұрын қуысының зақымдалуы. Егер осы симптомдар қайталана берсе, бірден аллерголог-дәрігерге қаралыңыз.