Алты айда пневмониямен ауырған қазақстандықтар саны 100 мыңға жуықтады

Автор: Azattyq Rýhy

ДСМ Қазақстан бойынша 41 адамның өте ауыр жағдайда жатқанын хабарлады

Фото: ашық дереккөзден

Денсаулық сақтау министрлігі елдегі пневмония статистикасы мен ауруханада жатқан адамдардың жағдайы туралы хабарлады. Алты ай ішінде Қазақстанда 98 мыңнан астам қазақстандық пневмониямен ауырды. Бұл туралы ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев айтты.

Алайда, комитет басшысы олардың қанша пайызы бактериалды пневмониямен, қанша пайызы вирусты пневмониямен ауырғанын нақтылаған жоқ. Ал, шетелдік және қазақстандық пульмонолог, инфекционист дәрігерлер қазіргі пневмония бұрынғы бактериалды пневмониямен салыстырғанда, басқаша, яғни өкпенің тіндерін зақымдайтын вирусты пневмония екенін айтады. Сол себепті қазіргі пневмониядан болып жатқан өлім-жітімді коронавирус инфекциясынан болған өлім факторларының қатарына қосу керек дейді. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі екі статистиканы қосу үшін қазір халықаралық деңгейде келіссөз жүргізіп жатыр.

Тимур Сұлтанғазиев пневмониядан болған өлім-жітімнің нақты санын, дәл қазіргі уақытта марқұм болған жандардың өлім себебін анықтау үшін қандай зерттеу жұмыстары жасалып жатқаны жайлы сұрақтарды жауапсыз қалдырды. Ол тек КВИ анықтайтын тест арқылы дәлелденген адамдардың саны мен денсаулық жағдайына тоқталды.

«Қазіргі уақытта ауыр жағдайдағы науқастарымыз реанимация және анестезиология бөлімдерінде ем қабылдап жатыр. Олардың барлық саны – 306 сырқат. Ауыр жағдайда – 265 сырқат, өте ауыр жағдайда 41 сырқат жатыр. Өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған 67 адам бар. Инвазивті емес өкпені жасанды желдету аппаратында 133 адам жатыр. Өз бетінше демала алатын науқастар саны 9 мыңнан асады», - деді ол.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан