Қазақстанда 20 моноқала бар, онда 1,4 млн адам тұрады
Ауылдық жерлерге жұмысқа барған дәрігерлерге берілетін әлеуметтік және өтемақы көмектер өңірлерде медициналық қызмет сапасын арттырып, жас мамандардың тұрақтап қалуына ықпал етіп отыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Саиров мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«2025 жылы жалпы 1326 ауылға қызметке барған жас дәрігер әлеуметтік көмек алды. Мемлекеттік көмектің арқасында 2025 жылы 417 жас маман оқуын бітіргеннен кейін лезде жұмысқа шыққан, өтемақымен қатар 500-ден астам жас дәрігерлер үймен қамтамасыз етілген. Жетісу облысы дәрігерлерге 10 млн теңге төлеп отыр, бұл кадрлық тұрақтылықты күшейтетін фактор. ШҚО, БҚО да осы санатта жұмыстарын күшейтуде», - деді ол.
Депутаттар өңірлерге сапар барысында моноқалаларды да ауылдық жерлер сияқты әлеуметтік қолдау алатын санатқа енгізу мәселесін көтерген. Себебі, материалдық ынталандыруға байланысты тәжірибелі дәрігерлердің бір бөлігі моноқалалардан ауылдарға жұмысқа ауысып кету үрдісі байқалады.
«Бүгінде Қазақстанда 20 моноқала бар, онда 1,4 млн адам тұрады. Тәжірибелі дәрігерлердің кету тенденциясы барлық моноқалаға тән процесс, ал бұл моно қалалардың басым көпшілігі ірі өнеркәсіп ошақтарының айналасында тұрғандықтан, халқының денсаулығы әрдайым білікті дәрігерлік бақылауды талап етеді», - деді ол.
AMANAT фракциясы моноқалаларды дәрігерлерге әлеуметтік өтемақы төленетін елді мекендер қатарына қосу қажет деп санайды. Депутаттың пікірінше, бұл мәселенің шешімі 1,4 млн тұрғынның медициналық қызмет сапасына тікелей әсер етеді.