Инновацияларды дамытуға арналған жүйелі шаралар әзірленді
Қазақстанда инновациялық штаб құру, инновацияларды даму тұжырымдамасын қабылдау және мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейту көзделіп отыр. Бұл қадамдар ғылыми және инновациялық саясаттың тиімділігін арттыруға бағытталған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Үкімет отырысында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстанда инновацияларды одан әрі дамыту үшін қажет деп санайтын бірқатар практикалық шараларға тоқталды.
«Біріншіден – бірыңғай үйлестіруші тетік ретінде Инновациялық штаб қалыптастыру. Екіншіден – инновацияларды дамыту тұжырымдамасын әзірлеу, ол осы саладағы мемлекеттік саясаттың бірыңғай стратегиялық көзқарасын айқындап, ұзақ мерзімді басымдықтарын бекітеді. Үшіншіден – инновацияларды дамыту бойынша жауапкершілікті орталық және өңірлік мемлекеттік органдарға бекіту. Төртіншіден – 2026–2030 жылдарға арналған инновацияларды дамыту бойынша салалық министрліктер мен жергілікті атқарушы органдардың KPI көрсеткіштерін ұлттық және өңірлік деңгейлерде нақты индикаторлар жүйесімен бекіту. Бесіншіден – инновациялық қызметті қолдау құралдарын қаржыландыруды ұлғайту мәселесін пысықтау», - деді ол.
Министр жақын арада инновациялық белсенділікті ынталандырудың басымдықтары мен тетіктерін айқындайтын Инновацияларды дамыту тұжырымдамасы қабылданатынын атап өтті.
Сонымен қатар, ғылымды дамыту моделін қайта қарау бойынша жұмыс жүргізіліп, оны экономиканың қолданбалы міндеттерін шешуге және ғылыми зерттеулердің практикалық қайтарымын арттыруға қайта бағдарлау көзделіп отыр. Ғылыми әзірлемелерді енгізуді қамтамасыз ету үшін жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу институттары және экономиканың нақты секторы арасындағы тұрақты өзара іс-қимыл жолға қойылады.
«Ғылымды қолдау құралдарының тиімділігін арттыру мақсатында Ғылым қоры қызметін коммерцияландыруға және жобаларды түпкі нәтижеге дейін жеткізуге қайта бағдарлау бойынша жұмыс басталды. Сондай-ақ ғылыми саланы басқару тетіктерін қайта баптау бойынша жұмыс басталып, бұл қабылданатын шешімдердің ашықтығын, басқарылуын және нәтижелілігін арттыруға мүмкіндік береді», - дейді Саясат Нұрбек.
Осы шаралардың іске асырылуы ғылым министрлігінің тұрақты бақылауында болмақ.