Сот жалғыз үйі арзанға сатылып кеткен қазақстандықтың 23 миллион теңге ипотекасын кешірді

Автор: Нұргүл Абай

Сот жаңа заңның нормаларын қолданған

Фото: istockphoto.com

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот жалғыз баспанасы арзанға сатылған қазақстандықтың ипотекалық қарызын толығымен тоқтату туралы шешім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кассациялық соттың ақпаратынша, 2007 жылы қазақстандық пәтер сатып алу үшін банктен ипотека алған. Бірақ қарызын төлей алмай, 2016 жылы сот оны 27 млн теңге төлеуге міндеттейді. Ал 2017 жылы оның кепілдегі үйі небәрі 4 млн теңгеге сатылып, 23 млн теңгеден астам қарызы қалып қояды.

2024 жылғы маусым айынан бастап «Жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы» заңға сәйкес, егер кепілге қойылған мүліктің құны несие алынған сәтте міндеттемені толық жабуға жеткілікті болса және қарыз алушының берешекті өтеу үшін өзге табысы немесе мүлкі болмаса, онда мұндай тұрғын үй сатылғаннан кейін ипотека да, қарыз да тоқтатылған болып есептеледі.

Әлгі азамат осы талаптардың бәріне толығымен сәйкес келген. Осыған байланысты бірінші сатыдағы сот заңның жаңа нормаларын ескеріп, несие бойынша міндеттемелер тоқтатылды деп шешім шығарған. Алайда апелляциялық сот бұл шешімнің күшін жойып, оны қанағаттандырудан бас тартқан.

Бірақ істі қараған кассациялық сот бірінші сатыдағы соттың шешімін қалпына келтіріп, берешегі бар азаматтың құқықтарын қорғады. Өйткені заңдағы өзгерістер кері күшке ие және берешегі толық өтелмеген бұрын жасалған шарттарға да қолданылады.

Осылайша жалғыз баспанасы сатылған қазақстандықтың 23 млн теңге ипотекалық берешегі толығымен кешірілді.