Әлеуметтік желілердегі заңсыз контент үнемі бақылауда ұсталады
Қазіргі құбылмалы геосаяси жағдайда кез келген мемлекет ішкі тұрақтылықты сақтауға, экстремистік қауіптердің жолын кесуге жіті назар аударады. Қазақстан бұл бағытта тек құқықтық тәртіп орнатып қана қоймай, терроризмге «мүлдем төзбеушілік» танытатын бірегей жүйе қалыптастырды. Еліміздің ұлттық қауіпсіздік стратегиясы қауіпті ерте анықтауға бағытталған интеллектуалды сипатқа ие. Мемлекеттің бұл саладағы пәрменділігі арнайы қызметтердің жоғары технологиялық мүмкіндіктерімен және жетілдірілген заңнамалық базамен айқындалады. Сонымен қатар, қоғамдық сананы жат ағымдардан қорғау бойынша кешенді шаралар тұрақты жүріп келеді. Құқық қорғау құрылымдары мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті террористік ұяшықтарды анықтау, олардың қаржы көздерін бұғаттау және трансшекаралық топтарға тосқауыл қою міндетін сәтті атқарып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметтеріне қарасақ, мемлекеттің кез келген қауіптің жолын кесуге күші жететініне көз жеткіземіз. Мәселен, былтыр террористік және экстремистік бағыттағы қылмыстары үшін сексеннен астам адам сотталды. Сонымен қатар, жалпы саны тоқсанға жуық тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жетпіске жуық күдікті қамауға алынды. Ұсталғандардың арасында алты шетел азаматының болуы сыртқы факторлардың да назарда екенін білдіреді. Мысалы, 2025 жылы Алматыда бес шетелдіктің қатысуымен жоспарланған террорлық әрекетке дер кезінде тосқауыл қойылды.
Терроризмге қарсы іс-қимыл шетелдік содырлармен байланысты шектеу және ішкі тұрақтылықты сақтау бағыттарын қамтиды. Тергеу мәліметтеріне қарасақ, 2017 жылы шетелдегі қақтығыстарға қатысқан Алматы тұрғыны 2025 жылы елге қайтарылып, 8 жылға сотталды. Сондай-ақ, Көкшетау қаласында интернет арқылы радикалды идеялар таратқан азамат 9 жылдан астам уақытқа бас бостандығынан айырылды.
Қазіргі таңда радикалды топтардың негізгі құралы интернет пен әлеуметтік желілерге ауысқаны белгілі. Бұл бағытта тек техникалық шектеу қойып қана қоймай, терең сараптамалық жұмыс жүргізіледі. Мамандар әлеуметтік желілердегі заңсыз әрекеттерді үнемі бақылап отырады. Олар интернет арқылы зорлық-зомбылыққа шақыратын немесе мемлекеттік тәртіпке қарсы келетін жазбаларды анықтап, жолын кесіп отыр. Осы мақсатта экстремистік мазмұндағы материалдарды бұғаттау жүйесі де іске қосылған. Тіпті түзеу мекемелерінде радикалды идеялардың таралуын тоқтату үшін арнайы шаралар жүргізіліп келеді. Мұның бәрі қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға бағытталған.
Терроризммен күресте тек күш қолдану емес, ең алдымен оның алдын алу мен саналы түрде қарсы тұру басты назарға алынған. Адамдардың теріс діни ағымдарға еріп кетпеуі үшін арнайы бағдарламалар жұмыс істейді. Онда теологтар мен психологтар діни сауатсыздықтың зардабын түсіндіріп, көмек береді. Жастар арасындағы түсіндіру жұмыстары мен діни сауаттылықты арттыру шаралары жат ағымдардың ықпалын төмендетуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, халықаралық террористік ұйымдармен байланыс орнатқысы келетіндерді анықтау мақсатында шетелдік әріптестермен жедел ақпарат алмасу жолға қойылып, трансұлттық қауіптердің алдын алу сапасы артты.
Қазақстанда терроризм мен экстремизмге қарсы күрес жүйелі жүріп жатыр. Соңғы жылдардағы сот шешімдері мен алдын алынған терактілер қауіпсіздік жүйесінің қалыпты жұмыс істеп тұрғанын көрсетеді. Дегенмен, қазір терроризмнің сипаты өзгерді. Ол ашық күш көрсетуден гөрі интернет арқылы идеологиялық ықпал етуге ауысқан. Сондықтан мамандар тек күш қолдану жеткіліксіз екенін, алдын алу жұмыстары мен білім беру саласына көбірек көңіл бөлу керектігін атап өтеді.