Ақмола облысының Ақмол ауылының тұрғындары дабыл қақты
Ақмола облысы Ақмол ауылының тұрғындары Azattyq Rýhy редакциясына хабарласып, көмек сұрады: бұл ауыл халқын дәл қазір алаңдатып отырған басты мәселе – су тасқыны.
Ауылдағы белсенді тұрғын Сәуле Нұртазинаның айтуынша, бұл мәселе, әрине, жыл сайын қайталанады. Бірақ жергілікті әкімдік те, облыс әкімдігі де бұған еті үйренгендей, қол қусырып отыра береді.
«Жыл сайын осы. Біздің елде бұрын қар жаумағандай, қамсыз отыра береді. Бұрын коммуналдық қызмет аз да болса жұмыс істеген сыңай танытатын. Жыл сайын мектептің айналасын су басады, балалар белуардан су кешіп, сабаққа барады. Тіпті кейбір тұрғындардың көліктерінің алдыңғы бампері суға батып қалады. Қар күрелмеген соң, кейбір көліктер таңертең тайғанап, басқа көліктерге соғылып жатыр. Ал түсте олар еріген қар суына «шомылады». Балаларға обал. Ауыл мен аудан әкімдігі не қар күреуге ақша бөлмейді, не кеш бөледі. Бірақ оның зардабын тартатын – халық», – дейді бізге сұхбат берген тұрғын.
Ауыл халқының біразы ескі үйлерде тұрады. Белсенділердің айтуынша, қар қатты ерісе, неше үйдің су астында қалатыны белгісіз. Алайда осы ескі үйлерге қауіп төніп тұрғаны айдан анық.
«Су ауылдағы қанша үйдің іргесіне кіретінін нақты айта алмасам да, Приозерный, Есенов көшелерінің бойындағы ескі үйлерге су кіретіні анық», – дейді ол.
Ал ауыл ақсақалдарының айтуынша, әкімдік қыс бойы жауған қарды не күреген жоқ, не ауыл сыртына тасымалдамаған.
«Қыс бойы қар күреп, оны ауыл сыртына шығарған жоқ. Бар істегендері – жол ашу үшін қарды жолдың бойына таудай қылып үйіп тастады. Енді, міне, сол қар еріп, ауылды су басып жатыр. Күн жылынғанда ғана қозғала бастады», – дейді олар ауыл әкімдігіне қатысты сынын жеткізіп.
Халықтың мұң-мұқтажын естіген соң, редакция тілшілері ауыл әкімі Жанат Дүйсекеевке барды. Журналистердің сұрағына жауап берген ол «алаңдайтындай ештеңе жоқ» дейді.
Яғни әкімнің сөзіне сенсек, ауыл халқы айтқандай емес, қыс бойы қар күрелген. Қыста да, қазір де қар күреп жатқанын айтқан ол ауылдың ортасында мүлде қар жоқ екенін жеткізді. Оны тіпті фото, видеоматериалдар арқылы дәлелдей алатынын айтты.
«Қазір коммуналдық бригадалар күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Қажетті техника да бар. Ауылда су тасқынын бақылап отыратын орталық жүйе бар. Ауылдағы үйлерді су баспайды, ондай болжам жоқ. Бүкіл жұмыс менің жеке бақылауымда. Осы ауылда туып-өстім, сондықтан елімнің алдындағы жауапкершілікті сезінемін», – деді әкім.
Ал ауыл әкімдігінің баспасөз қызметі дәл қазір Ақмол ауылы қардан толық тазаланғанын хабарлады. Дегенмен, редакцияға қайта хабарласқан тұрғындар арасында «көшемізде әлі қар үйіліп жатыр» дегендер де бар. Сондықтан редакция бұл мәселені назарда ұстайды.