Тоқаев қазақстандықтарды Ораза айт мерекесімен құттықтады

Автор: Бақыт Шынар

Президент барша мұсылман қауымына бақ-береке тіледі

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Ораза айт мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақорда Тоқаевтың құттықтауын жариялаған. Президент ізгі құттықтауында отандастарына бақ-береке, жақсылық пен байлық тілеген. Ол сондай-ақ отыз күн ораза әрбір адамды кемелдікке бастайтынын айтқан.

«Қадірлі отандастар! Ораза айт мерекесі құтты болсын! Бұл – бүкіл мұсылман қауымы үшін мән-маңызы ерекше, қасиетті мереке. Осы мейрамда рухани тазару мен парасаттылық, сабырлық пен қанағатшылдық, өзара сыйластық пен тілектестік, жанашырлық пен жақсылық құндылықтары дәріптеледі. Отыз күн ораза тұтқан жұрт иманын байытып, кемелдікке ұмтылады. Төзімін шыңдап, төңірегіне қамқорлық танытады. Игі істерге ұйытқы болып, мұқтаж жандарға қол ұшын созады», - дейді Тоқаев құттықтауында.

Президент атап өткендей, ата дәстүріміз бен асыл дініміз елдің бірлігін нығайтып, қоғамның берекесін арттыратын игі амалдар жасауға үндейді.

«Биыл Ораза айт мейрамы Наурыз мерекесімен қатар келіп, ел дамуындағы жаңа тарихи кезеңнің жаршысына айналды. Мұның символдық мәні зор. Қазақстан халқы Жаңа Ата заңды қабылдап, жарқын болашаққа, Әділеттілік пен Өркендеуге бастайтын жолды таңдады. Конституциялық реформаны жаппай қолдау арқылы ұлт тарихының жаңа парағын ашты. Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке, толайым табыс тілеймін! Еліміз аман, жеріміз тыныш болсын! Ораза айт қабыл болсын!», - деп жазған Тоқаев.