Қаржы министрлігі МӘМС жүйесіндегі ақшаны «көлеңкеден» шығару үшін заңға өзгеріс енгізеді
Бүгін үкіметте ауқымды жиын өтті
Бүгін Үкіметте премьер-министр Олжас Бектенов міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлағандай, премьер-министр президенттің сөзін келтіре отырып, «ұлт денсаулығына бөлінетін қаражаттың жымқырылуын басты мәселе» екенін атап өткен.
«Ұлт саулығына бағытталған қаржының жымқырылуы – мүлдем ақылға сыймайтын жағдай. Осыған байланысты бірқатар жүйелі шешімдер қабылданды. Қор Қаржы министрлігінің қарамағына берілді. Бұл қолданыстағы олқылықтарды жоюға, жалған есептер мен құжаттарды бұрмалаудың алдын алуға және қатаң қаржылық бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бюджеттен бөлінетін әр теңгенің арнайы медициналық қызмет, дәрілік зат немесе медициналық құрылғы түрінде нақты азаматқа дейін жетуі алдағы жұмыстың негізгі қағидаты болуы тиіс», - деді Бектенов.
Қор Қаржы министрлігінің қарамағына берілген күннен бері атқарылған жұмыстар барысы қаралып, МӘМС жүйесін трансформациялаудың жаңа тәсілдері талқыланды.
Кеңесте қаржы министрі Мәди Такиев қабылданып жатқан институционалды шаралар туралы баяндады. МӘМС жүйесі шеңберінде жыл сайын шамамен 3,4 трлн теңге қайта бөлінеді. Қаржы министрлігі қаражатты басқаруды оңтайландыруға және оның тиімділігін арттыруға, ерікті медициналық сақтандыру көлемін «көлеңкеден» шығаруға, халыққа медициналық көмектің үздіксіздігін қамтамасыз етуге бағытталған басқа да бірқатар заңға түзетулер әзірледі.