Кейбір қазақстандықтарға зейнетке шыққанда 4 жалақыға тең біржолғы сыйақы беріледі

Автор: Нұргүл Абай

Ол үшін қызметкердің еңбек өтілі 25 жылдан асуы керек

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Парламент Мәжілісі мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік кепілдіктерін күшейтетін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Мемлекеттік қызмет туралы» заң жобасына мемлекеттік қызметті тартымды ету үшін бірнеше маңызды өзгеріс ұсынылып отыр. Негізгі мақсат — білікті мамандарды жұмысқа тарту және оларды қызметте ұстап қалу.

Дәлірек айтқанда, мемлекеттік қызметшілердің жалақысын кемінде үш жылда бір рет индекстеу көзделіп отыр. Сонымен қатар, артық жұмыс істегені үшін, демалыс немесе мереке күндері жұмысқа шыққаны үшін міндетті түрде өтемақы төленеді.

Ал еңбек өтілі 25 жылдан асқан және мемлекеттік немесе ведомстволық марапаттары бар мемлекеттік қызметкерлер зейнетке шыққанда бірден 4 лауазымдық жалақы көлемінде біржолғы сыйақы алады.

Сонымен қатар, заң жобасында қызмет бабымен ауысқан жағдайда кепілдіктер бекітілген. Бір елді мекеннен екіншісіне ауысқанда немесе мемлекеттік орган көшірілген жағдайда қызметшілерге көтерме жәрдемақы және мүлкін тасымалдауға өтемақы төленеді. Балалары балабақшаға кезексіз қабылданады. Бұған қоса жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламаларына қатысу мүмкіндігі қарастырылады.

Мас күйде көлік жүргізу мемлекеттік қызметтің беделін түсіру деп танылады

Жаңа редакцияда мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін теріс қылықтар, лауазымдық міндеттерді орындауға тікелей байланысты болмаса да, мемлекеттік қызметтің абыройы мен беделін түсіретін әрекеттер заңнамалық түрде айқындалады. Олардың қатарына есірткі, психотроптық заттар мен олардың аналогтарын медициналық емес мақсатта қолдану және алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйде көлік жүргізу жатады. 

Мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағанда немесе қызметтік әдеп нормаларын бұзған жағдайда, оларды тәртіптік жауапқа тарту мәселесін қарау үшін оқу демалысынан келісімінсіз кері шақыруға болады.

Сонымен қатар, есірткі, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын заңсыз пайдалануды анықтау және алдын алу үшін мемлекеттік қызметшілерді медициналық куәландыру талаптары енгізіледі.

Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметшілер өздерін құмар ойындарға қатысудан шектеуге міндетті болады.

Уақытша еңбекке жарамсыздық бойынша төлемдер қылмыстық құқықбұзушылық жасау, сондай-ақ алкоголь немесе есірткі қолдану салдарынан ауруға шалдығу не өндірістік жарақат алу жағдайларында төленбейді.