Бұл туралы бүгін ішкі істер министрі мәлім етті
Кеше, 17 наурыз күні Ақордада жаңа Конституцияны қабылдап, оны елге көрсеткен президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда екінші рет қылмыстық рақымшылық және тұңғыш рет әкімшілік рақымшылық енгізуге болатынын мәлім еткен еді. Бүгін үкімет отырысында ішкі істер министрі Ержан Сәденов бұл рақымшылыққа кімдер ілінетінін, ал кімдер іліне алмайтынын айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Президент тапсырмасына сәйкес, Рақымшылық туралы заң қабылданғаннан кейін оны іске асыруға қатысамыз. Ол азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қауіп төндірмейтін жекелеген қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адамдарға қолданылады. Олардың қатарына қауіпті, оның ішінде террористік, экстремистік, сыбайлас жемқорлық, кәмелетке толмағандарды зорлау және азаптау қылмыстарын жасағандар, рецидивистер мен іздеуде жүргендер жатпайды», - деп мәлім етті Сәденов.
Ал, Қазақстан тарихындағы тұңғыш Әкімшілік рақымшылық айыппұлы бар азаматтардың айыппұлдарын толық немесе ішінара өтеп береді.
«Бұдан басқа, әкімшілік рақымшылық шеңберінде жеке тұлғалардың орындалмаған айыппұлдарын толық немесе ішінара есептен шығару мәселесі қаралады. Мұндай адамдардың санаты, айыппұлдардың мөлшері мен есептен шығару тәртібі заң жобасын әзірлеу барысында толық пысықталады», - деп мәлім етті Сәденов.