Қорғаныс министрлігі жазға дейін 21 мың жігітті әскерге шақырмақ
Көктемгі шақыру науқаны 17 наурызда басталған
Кеше хабарлағынымыздай, президент «Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару және Қазақстан Республикасының азаматтарын 2026 жылдың наурыз-маусымында және қыркүйек-желтоқсанында мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Осы Жарлыққа сай, жазға дейін 21 мың жігітті әскерге шақыру жоспарланып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Президент Жарлығына сәйкес, 17 наурыздан бастап қалалық және аудандық шақыру комиссиялары әкімдердің орынбасарларының төрағалығымен азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды бастады. 30 маусымға дейін 18-27 жас аралығындағы 21 мыңнан астам азаматты Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қатарына шақыру жоспарланып отыр», - деп хабарлайды Қорғаныс министрлігі.
Бұл 21 мың жігіттің ішінде 11 мыңнан астам адам Қарулы күштерге, 7 мыңнан астам адам ІІМ Ұлттық ұланына, 2 мыңға жуық адам ҰҚК Шекара қызметіне, 400-ге жуық адам Төтенше жағдайлар министрлігіне, 300 адам Мемлекеттік күзет қызметіне шақырылады.