Оқу-ағарту министрлігі Талғардағы оқушылардың арасында буллингті 18% азайтқан

Автор: Бақыт Шынар

Министрлік сондай-ақ «психологиялық жағдайы тұрақты» оқушылардың санын арттырыпты

Алматы облысы Талғар ауданындағы 7-8 сынып оқушыларының арасындағы буллинг, кибербуллинг және өзге де зорлық-зомбылық түрлері 18% азайған. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметінен мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Бұдан өзге, психологиялық жағдайы тұрақты жасөспірімдердің саны артты. 7-8 сыныптарда тәуекел деңгейі төмен оқушылар үлесі 31,9% өсті, осындай оң үрдіс 9-10 сынып оқушылары мен колледж студенттері арасында да байқалады. Мамандардың ерекше назарын қажет ететін жасөспірімдер саны қысқарды. 7-8 сынып оқушылары арасында аталған топтағы балалары саны 30% азайды», - деп хабарлайды министрлік.

Айта кетейік, Алматы облысындағы Талғар ауданы 16 жастағы Шерзат Полаттың өлімінен кейін ел назарын аударған болатын.