«Көп адамды алдап кеткен»: Instagram-дағы екі адамның дауы Жоғары сотқа жетті

Автор: Бақыт Шынар

Оқиға Жамбыл облысында болған

Фото: istockphoto.com

Жоғарғы соттың баспасөз қызметі Жамбыл облысында болған дау-дамайға қатысты мәлімет ұсынды: екі адам Instagram-дағы жазба үшін соттасып, арыз жазған адам жеңіп шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Жамбыл облысының тұрғыны сотқа жүгініп, Instagram аккаунтының иесі өзі туралы екі рет көпшілікке жалған ақпарат таратқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл мәліметтер оның ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтірген. Талап қоюшы соттан жауапкерді осы ақпаратты жоққа шығаруға және одан кешірім сұрауға міндеттеуді сұраған», - деп хабарлайды Жоғарғы сот.

Бірақ, жазба авторы бұнымен келіспей, оның жазбасы адамды қорлап тұрмағанын, жай ғана оның жеке пікірі екенін дәлелдегісі келген.

«Жамбыл облысы Қордай аудандық соты жазба адамды қорлау мақсатында жазылмаған деген қорытындыға келіп, азаматтың арызын қанағаттандырмаған.  Бұл шешіммен келіспеген талап қоюшы апелляциялық тәртіппен шағымданған. Осылайша, Жамбыл облыстық соты істі қарап, бірінші сатыдағы соттың шешімімен келіспеген», - деп хабарлайды Жоғары соттың баспасөз қызметі.

Атап айтқанда, апелляциялық сот «көп адамды алдап кеткен», «оның кесірінен кейбір адамдар түрмеге түскен» және «қоқан-лоқы көрсеткен адамдарды жіберген» деген мәлімдемелер пікір емес, нақты фактілер туралы айтылған мәлімдеме ретінде қабылдаған.

Осылайша, бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгерді: жауапкер Instagram-дағы өз аккаунтында бұрын таратқан мәліметтерінің шындыққа сәйкес келмейтінін мойындап, оларды жоққа шығаратын жарияланым орналастыруға міндеттелді», - деп хабарлайды Жоғары сот.

Қаулы заңды күшіне енген.