Олардың көбі Астана мен Алматы арасына қатынайды
Наурыз айындағы мереке күндерінде Қазақстанның әуе компаниялары ішкі рейстер санын көбейтеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Азаматтық авиация комитетінің мәліметіне сүйенсек, Air Astana және FlyArystan компаниялары 16–29 наурыз аралығында ел ішіндегі сұранысқа ие бағыттар бойынша 146 қосымша рейс ұшырады. Оның ішінде сексен рейс Алматы мен Астана арасында қатынайды.
«Сонымен қатар, Алматы, Астана және Ақтау қалаларынан Ақтөбе, Шымкент, Түркістан, Қарағанды, Қостанай, Семей, Ақтау, Атырау, Өскемен және Орал қалаларына қосымша рейстер ұшады деген жоспар бар. SCAT әуе компаниясы өз кезегінде 19–21 наурыз аралығында Алматы – Астана бағыты бойынша 5 рейс, сондай-ақ Шымкент – Ақтау бағыты бойынша 1 рейс ашады», - деп хабарлайды комитеттің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, 23–26 наурыз аралығында Алматы – Астана бағыты бойынша тағы 4 рейс, сондай-ақ Шымкент – Астана және Ақтау – Астана бағыттары бойынша бір-бір рейс ұшпақ.