Апат айтып келмейді: орман шаруашылықтары материалдық-техникалық базасын нығайтып жатыр

Автор: Нұргүл Абай

Жаңа техникалар алынып, орман алқаптарына өртті ерте анықтау камералары орнатылуда

Фото: gov.kz

2023 жылдың жазында Семей орманында болған алапат өрт Қазақстандағы орман қауіпсіздігі жүйесінің әлсіз тұстарын көрсетті. Мыңдаған гектар орман алқабы отқа оранып, табиғи экожүйеге айтарлықтай зиян келді. Бұл жағдай орман және табиғатты қорғау мекемелерінің материалдық-техникалық базасын түбегейлі жаңартудың маңызын айқындады. Содан бері мемлекет орман өрттерінің алдын алу, ерте анықтау және жедел жою жүйесін күшейтуге бағытталған кешенді шараларды қолға алып келеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Орман шаруашылықтарын техникамен қамтамасыз ету

Қазір орман мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жаңартуға утилизациялық төлемдерден жиналған қаражат пайдаланылады. Қаржыны жинақтаумен және оны экологиялық жобаларға бағыттаумен «Жасыл даму» компаниясы айналысады. Экологиялық кодекстің 388-бабына сәйкес утилизациялық төлемдер экологиялық маңызы бар жобаларды іске асыруға жұмсалады. Соның ішінде «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы орман шаруашылығына қажетті арнайы өртке қарсы техниканы лизинг арқылы сатып алуға қаржы беріледі.

Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы бұйрығымен орман мекемелерін өртке қарсы техникамен қамтамасыз ету нормалары бекітілген. Осы талаптарды толық орындау үшін 1 042 бірлік техника – өрт сөндіру машиналары, тракторлар және шағын орман өрт сөндіру патрульдік кешендерін сатып алу жоспарланған. Үкіметтің №604 қаулысына сәйкес бұл техникаға 35 миллиард теңге қарастырылған. Техника жеңіл шарттармен сатып алынады, яғни жылдық сыйақы мөлшерлемесі 3 пайыздан аспайды.

Қаржыландыру кезең-кезеңімен жүріп жатыр. Мәселен, 2024 жылы 196 бірлік техника сатып алуға 3,7 млрд теңге бөлінсе, былтыр 800 бірлік техникаға 29,9 млрд теңге көзделген. 2025 жылы орман және табиғатты қорғау мекемелері 163 өрт сөндіру машинасын, 213 трактор, 295 шағын өрт сөндіру кешенін және 70 патрульдік көлік сатып алды. Ал 2026 жылдың басынан бері өңірлерге 37 өрт сөндіру машинасы, 138 трактор және 84 шағын өрт сөндіру кешені жеткізілген. Ал мамыр айының соңына дейін тағы 148 өрт сөндіру машинасын жеткізу жоспарланып отыр.

Осы жұмыстардың нәтижесінде орман мекемелері өртке қарсы техникамен толығымен қамтамасыз етілмек.

Орман өртін ерте анықтау жүйесі

Орман өрттерін ерте анықтау үшін орман алқаптарына заманауи цифрлық жүйелер орнатылып жатыр. Қазірдің өзінде өртті ерте анықтау жүйесі Ертіс орманы, Бурабай ұлттық паркі, Семей орманы резерватында жұмыс істеп тұр.

Жүйе орман алқаптарын тәулік бойы бақылауға арналған. Ол заманауи тепловизиялық және оптикалық камералар арқылы жұмыс істейді. Камералар биіктігі шамамен 30 метр болатын арнайы мұнараларға орнатылып, 360 градусқа айнала алады. Сонымен қатар жасанды интеллект көмегімен түтін немесе от белгілерін автоматты түрде анықтайды. Егер өрттің белгісі байқалса, жүйе бірден Жедел басқару орталығына сигнал жібереді. Бұл өрт ошағын тез анықтап, оны қысқа уақытта оқшаулап, сөндіруге мүмкіндік береді. Осылайша орман инспекторларының жұмысы да едәуір жеңілдейді. Болашақта мұндай жүйе 5,5 миллион гектар орман аумағын қамтиды деген жоспар бар.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ақпаратынша, былтыр 63,3 мың га алаңда 618 орман өрті тіркелген. Осыған байланысты бақылау шаралары күшейтіліп, лауазымды тұлғалар тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Орманды заңсыз кесу көлемі 1,6 есе, ал табиғатты қорғау мекемелерінде 3,6 есе қысқарды.