Наурызда Қазақстан бойынша екі жүзден астам жәрмеңке өтеді

Автор: Бақыт Шынар

Үкімет мереке кезінде арзан азық-түлік сатылғанын қалайды

Фото: Астана әкімдігі

Наурыз мерекесіне орай республика бойынша 200-ден астам жәрмеңке өткізу жоспарланған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып. 

Үкіметтің мәліметіне сүйенсек, бұдан өзге 13–23 наурыз аралығында сауда үйлері мен сауда орталықтарында Nauryz Sale акциясы өтеді. Үкімет наурыз айында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік 0,2 пайызға қымбаттағанын хабарлады.

«Жалпы алғанда, наурыз айының басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары 0,2% қымбаттады. Ал,  Алматы облысы инфляция бойынша ел аймақтарының арасында төртінші орында тұр. Мұнда азық-түлік тауарлары бойынша инфляция 11,7% деңгейіне жетті», - деп хабарлайды үкіметтің сайты.

Вице-премьер Серік Жұманғарин Алматы облысы әкімі орынбасарының бағаны тұрақтандыру бойынша қабылданып жатқан шаралар мен ұсыныстарын тыңдады. Ол азық-түлік инфляциясын тұрақтандыру ең алдымен өңірлердің жүйелі әрі нақты жұмысына байланысты екенін атап өтті.