Еңбекшіқазақ ауданында референдумға «Алтын адам» келіп, дауыс берген

Автор: Бақыт Шынар

Актер әрі режиссер референдумға ерекше киім киіп келген

Фото: облыс әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы Мәдениет үйінің Жастар театрында жұмыс істейтін актер әрі режиссер Жарқын Барақбаев референдумға ерекше образ киіп келген, деп жазады Azattyq Rýhy әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Жарқын Барақбаев осы образы арқылы референдумға ерекше атмосфера бергісі келгенін айтқан. Яғни, оның пікірінше «Алтын адам» - Қазақстан тәуелсіздігінің символы.

«Ел Тәуелсіздігінің символы болған «Алтын адамның» мекені – Еңбекшіқазақ ауданы. Бұл ауданымыз ғана емес, бүкіл еліміз үшін үлкен мақтаныш. Аудан тарихының сонау тереңде жатқанын, әрі мұнда ерте заманнан қолөнердің биік деңгейде дамығанын бар әлемге айғақтаған айрықша тарихи жәдігер. Сондықтан еліміз үшін маңызы ерекше осындай күнде өз дауысымды беруге Алтын адамның бейнесінде келдім және мұны азаматтық ұстанымымды білдірудің ерекше тәсілі деп білемін» – дейді Жарқын Мамырбекұлы.

Айта кетейік, бүгін Астанада жас жігіт референдумнан кейін сүйіктісіне ұсыныс жасаған.