Кейбір тұрғындар дауыс беруге ұлттық киім киіп келген
Ақтөбе қаласындағы №22 сайлау учаскесінде референдум мерекелік атмосферада өтіп жатыр. Бұл туралы «AMANAT» партиясынан бақылаушы болып отырған Қымбат Жармағамбетова айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, референдум учаскесі таңғы уақытта мемлекеттік әнұранмен салтанатты түрде ашылған.
«Жалпы атмосфера өте жақсы, тұрғындардың көңіл күйі көтеріңкі. Шағын концерттік шаралар ұйымдастырылып, мерекелік көңіл күй сезіледі. Бақылау барысында ешқандай заңбұзушылықтар тіркелген жоқ, дауыс беру процесі заң талаптарына сай өтіп жатыр. Тұрғындардың белсенділігі жоғары, жастар да, қарттар да өз таңдауын жасап жатыр. Мүгедектігі бар азаматтарға да барлық жағдай жасалған, олардың дауыс беруіне ыңғайлы орта қарастырылған. Комиссия мүшелерінің дайындығына да көңіліміз толып отыр. Әркім өз міндетін нақты әрі жылдам атқарып, дауыс беру процесінің ретімен жүруін қамтамасыз етуде», - дейді Жармағамбетова.
Айтуынша, дауыс беру учаскесінде ұлттық нақыш та байқалады. Кейбір тұрғындар дауыс беруге ұлттық киім киіп келген.
«Бүгінгі күннің есте қалған сәттерінің бірі – учаскеге келген бір апамыз барлығымен көрісіп шықты. Көрісу мерекесіне орай ол кісі әрқайсымызбен амандасып, жылы лебізін білдірді. Біз де орнымыздан тұрып, әжемен көрісіп, ықыласымызды білдірдік. Бұл сәт маған ерекше әсер қалдырды», - дейді бақылаушы.
Жалпы №22 сайлау учаскесінде референдум тыныш әрі мерекелік атмосферада өтіп жатыр, деп түйіндеді сөзін Жармағамбетова.