Елімізде жаңа Конституция бойынша жалпыхалықтық референдум басталды
Қызылорда облысы Жалағаш ауданында №132 референдум учаскесінде «AMANAT» партиясы атынан бақылаушы болып отырған Индира Әбілдаева референдум қалай өтіп жатқанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Дауыс беру процесі Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, ашық, айқын әрі ұйымдасқан түрде өтіп жатыр. Учаске таңертең белгіленген уақытта ашылып, дауыс беруге арналған жәшіктер мен кабиналар тексеріліп, барлық рәсім заң талаптарына сай орындалды. Учаскеде сайлаушылардың келуі тұрақты. Таңғы уақыттан бастап тұрғындар біртіндеп келіп, өз таңдауларын еркін білдіруде», - деді Әбілдаева.
Оның айтуынша, учаскеде дауыс беру тәртібі сақталған, комиссия мүшелері өз міндеттерін жауапкершілікпен әрі мұқият атқарып отыр. Әрбір сайлаушының құқығы сақталуына ерекше назар аударылып, дауыс беру барысының ашықтығы қамтамасыз етілуде.
«Бақылау барысында қандай да бір заңбұзушылықтар тіркелген жоқ. Жалпы, №132 сайлау учаскесінде референдум талапқа сай, тыныш және әділ жағдайда өтіп жатыр», - деп атап өтті Әбілдаева.
Айта кетері, бүгін, 15 наурыз күні Қазақстан халқы жалпыхалықтық референдумда жаңа Конституция жобасы бойынша дауыс береді. Таңғы сағат 7.00-де еліміздегі барлық 10 388 учаскеде дауыс беру процесі басталған. Референдумға қатысушылар тізіміне 12 миллионнан астам азамат енген.