Қазіргі әлемдегі ахуал мемлекеттердің қорғаныс саясатына жаңа талаптар қойып отыр
Геосаяси жағдайдың күрделенуі, аймақтық қақтығыстар мен жаңа әскери технологиялардың қарқынды дамуы көптеген мемлекетті қорғаныс саясатын қайта қарауға мәжбүрлеп отыр. Әлемнің түрлі өңірлеріндегі соғыстар әскери стратегия, техника және дайындық жүйесінің өзгеріп жатқанын көрсетті. Мұндай жағдайда ұлттық қауіпсіздік мәселесі кез келген мемлекет үшін басты басымдықтардың біріне айналады. Қазақстан да бұл процестерден тыс қалып отырған жоқ. Қорғаныс саласын қаржыландыру, армияны жаңғырту, резервтік күштер құру және жаңа технологияларды енгізу бағытында бірқатар жұмыс атқарылуда. Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл қазіргі армияның дайындық деңгейі мен қорғаныс жүйесіндегі өзгерістер жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың айтуынша, армияның толық дайын екенін бейбіт уақытта дәл бағалау қиын.
«Кез келген армияның қаншалықты дайын екенін тек нақты жағдай ғана көрсетеді. Қазіргі уақытта еліміздің қорғаныс саласына қаражат бөлініп жатыр, оны жеткілікті деп ойлаймын. Сонымен қатар жаңа технологиялар да енгізілуде. Бүгінде әлемдегі соғыстардың сипаты өзгеріп жатқанын көріп отырмыз. «Әрбір әскер өткен соғысқа дайындалады» деген сөз бар ғой. Менің білуімше, біздің әскер де әлемде болып жатқан соңғы соғыстардың барысын талдап, жаңа технологиялар мен заманауи әдістерді енгізуге тырысып жатыр», - дейді Еркін Әбіл.
Қорғаныс саласындағы технологиялық өзгерістер білім беру жүйесіне де әсер ете бастады. Бүгінде кейбір жоғары оқу орындарында дрон жасау және осы бағыттағы мамандарды даярлау жұмыстары басталған.
«Дрондарды пайдалану және оларды қолдану тәсілдері ерекше назарда. Осыған байланысты түрлі жаттығулар өткізіліп жатыр. Қазір жоғары оқу орындарында дрон жасау және тиісті мамандарды даярлау жұмыстары басталды. Жалпы біз әрқашан азаматтық саладан әскери салаға қажетті технологияларды көшіруге дайын болуымыз керек», - дейді мәжілісмен.
Қазіргі қақтығыстар әскери технологиялар мен қорғаныс стратегиясын қайта қараудың маңызды екенін көрсетіп отыр. Сондықтан Қазақстан үшін заманауи технологияларды дамыту, жаңа әріптестер іздеу және армияның техникалық мүмкіндіктерін жаңарту ұлттық қауіпсіздіктің негізгі шарттарының біріне айналуда.
«Қазіргі соғыс жағдайларын ескере отырып, армияға қандай техника қажет екенін қайта талдау маңызды. Кейбір қару-жарақ түрлері бұрынғыдай өзекті болмауы мүмкін. Сондықтан басқа елдердің тәжірибесін зерттеп, соған сәйкес шешім қабылдау қажет. Осыған байланысты әскери техниканы сатып алу стратегиясын да қайта қарастыру қажеттігі туындайды. Әскердегі қару-жарақтың қаншасы жаңа, қаншасы ескі екені туралы нақты ақпаратты, әрине, мамандар ғана айта алады. Дегенмен қолданыстағы әскери техниканың едәуір бөлігі – кеңес заманындағы техниканың жаңартылып, модернизациядан өткен үлгілері. Мысалы, танкілер. Сосын бізде Ресейде шығарылған әскери техника да көп. Алайда қазір Ресейдің өзі соғыс жүргізіп жатқандықтан, болашақта көрші ел әскери-техникалық әріптестікті қаншалықты жалғастыра алатыны белгісіз. Өйткені олардың өздеріне де әскери техника жетпей жатыр. Сондықтан Қазақстан үшін балама көздерді қарастыру немесе кейбір заманауи техниканы ел ішінде өндіру мәселесі өзекті бола түседі», - деп пікір білдірді Еркін Әбіл.
Оның айтуынша, қазіргі қақтығыстарда негізгі рөлді танкілер емес, дрондар мен түрлі пилотсыз жүйелер атқарып отыр. Сонымен қатар қашықтан басқарылатын қару-жарақ, артиллерия және артиллериялық оқ-дәрілерге де сұраныс жоғары. Сондықтан қазіргі соғыстардың тәжірибесін мұқият талдау өте маңызды.
Еркін Әбіл қорғаныс саласына қажетті қаржыны бөлу мәселесінде депутаттар тарапынан қолдау көрсетіліп келе жатқанын атап өтті.
Осы орайда депутат армияның қуаты қару-жараққа ғана байланысты емес екенін атап өтті.
«Мұнда техникалық қана емес, моральдық дайындық та өте маңызды. Қоғамның дайындығы, патриотизм деңгейі, жастардың әскерге көзқарасы – мұның бәрі маңызды факторлар», - дейді ол.
Еркін Әбілдің айтуынша, соңғы жылдары кейбір мемлекеттер кәсіби армия жүйесінен бөлек резервтік әскер қалыптастыруға қайта мән бере бастады.
«Қазір кейбір елдер бұрынғы кәсіби армия моделінен қайтадан ескі жүйеге оралып жатыр. Кей мемлекеттер жас азаматтарды әскерге шақырып, резервтік күш қалыптастыру қажеттігін айтып жүр. Қазақстанда кәсіби армия бар, сонымен қатар соңғы үш жылда резерв даярлау мәселесіне ерекше көңіл бөлініп келеді. Соның ішінде аумақтық бригадаларды жасақтау мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл бағытта заңнамалық өзгерістер де енгізілуде. Жоғары оқу орындарында офицерлер мен сержанттарды даярлау жүйесі жетілдіріліп жатыр. Қазір офицерлер әскерге шақырылады, сержанттарды шақыру мәселесіне де өзгерістер енгізілуде. Мұның бәрі елдің қорғаныс дайындығын күшейтуге бағытталған», - дейді мәжілісмен.